"Мешітке апарып тастаған": Жамбыл облысында полиция 2 жасар баланың жоғалып кетуіне қатысты істі тергеуде
Жарияланған күні:
15 қаңтар, жексенбі күні Қаратау қаласының полициясына 2 жасар баланың үйден жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Баланың қатты жылағанын естіген пәтер қонақтарының бірі оны көрпеге орап, жақын маңдағы мешітке апарған, деп хабарлайды IIМ-нің Polisia.kz ресми Telegram-арнасы.
Полицияның хабарлауынша, баланың анасы оны әжесімен бірге қалдырып, дүкенге кеткенін, ал қайтып оралғанда оны үйінен таппағанын айтқан.
Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігі 5-тармағымен ("Адам ұрлау") сотқа дейінгі тергеу iсi басталды.
Жамбыл облысы полиция департаментінің басшылығы жедел түрде іздестіру іс-шараларын жүргізуге Қаратау қаласына барған.
"Хабарлама түскен сәттен біз баланы іздеуге кiрiстiк. Iздестiру шараларына 80 полиция қызметкері, 50-ден астам ерікті және ауданның қамқор тұрғындары жұмылдырылды.
Біз қаланың әр бұрышын аралап, барлық жертөле мен үйдің шатырларын қарадық. Ең басты тiлегiмiз баланы тірі және сау табу болды", – дейді Талас АПБ ЖПҚб кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік инспекторы, полиция капитаны Жанғали Көпжасаров.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бала мешіттен табылып, Талас ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді. Медициналық тексеру барысында баладан ешқандай жарақат белгілері анықталған жоқ.
"Полиция қызметкерлерімен анықтау жұмыстары барысында анасы болмаған кезде таныс әжелер пәтерге келіп, алкоголь ішкенi белгілі болды. Баланың қатты жылағанын естіген пәтер қонақтарының бірі қатты мас күйінде оны көрпеге орап, жақын маңдағы мешітке апарған", – дейді полиция өкілдері.
Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2005460-mesitke-aparyp-tastagan-zambyl-oblysynda-policiya-2-zasar-balanyn-zogalyp-ketuine-qatysty-isti-tergeude/