Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қостанай облысындағы өртке тракторшы кінәлі деп танылды

Опубликовано:

Тракторшы
Тракторшы. Көрнекі фото: Рexels.com

Әулиекөл аудандық соты Қостанай облысында 2022 жылы қыркүйекте болған ірі өрттерге кінәлі деп танылған ер адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv арнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, былтыр күзде Қостанай облысында болған өрт кезінде 40 мыңнан астам гектар орман және шаруашылық жерлер өртенген.

Облыстық сот таратқан ақпарға сай, Әулиекөл аудандық соты 44 жастағы Александр Рапейконы облыстағы мыңдаған гектар жерді шарпыған жалынның шығуына себепкер деп таныды.

Сот материалдарына сәйкес, тракторда ұшқынды бәсеңдететін құрылғы болмаған. Газ шығаратын түтігі де істен шығыпты.

Содан орманның жанынан өтіп бара жатқанда ұшқын шөпке тиіп, өрт басталған. Басаман орман шаруашылығына қарасты жерлер өртке оранды. Одан кейін қызыл жалын Аманқарағай мен Озерное ауылдарына жеткен. Кінәлі тракторшыға шығынды өтеуге талап қойылған жоқ.

"Әулиекөл аудандық сотының үкімімен қылмыстық кодекстің 58-бабы 2-бөлігін пайдалана отырып, 1 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 63-бабының негізінде тағайындалған жаза шартты түрде деп танылды. Үкім заңды күшіне енді. Іс бойынша азаматтық талап қойылған жоқ", – деді Қостанай облыстық соты баспасөз қызметінің маманы Ләззат Байғожина.

Айта кетейік, былтыр күзде Қостанай облысында болған өрт кезінде 40 мыңнан астам гектар орман және шаруашылық жерлер өртенген болатын. Мемлекетке 18,7 миллиард теңге шығын келген. Бұдан бөлек, жүздеген үй, жеке мүлік пен мал жанып кетті. Оның шығыны – 642 миллион теңге. Ал өрт сөндіру шараларына тағы 42 миллиард теңге жұмсалды.

Телеарна қылмыстық іс Бас прокуратураның бақылауымен тергелгенін де атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2005562-qostanai-oblysyndagy-ortke-traktorsy-kinali-dep-tanyldy/

pixel