Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтауда басына диван құлаған ер адам жансызданып қалды: оқиғаға қатысты жаңа деректер шықты

Опубликовано:

аурухана
Аурухана. Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтауда жоғары қабаттан басына диван құлап, денесі жансызданып қалған ер адамның оқиғасына қатысты жаңа мәліметтер шықты. Зардап шеккен тұрғынның ағасының айтуынша, жиһазды далаға балалар лақтыруы мүмкін, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Телеарнаның мәліметінше, сол күні үйде болған көршілердің бірі оқиға жайлы өзінің көргенін айтып берген.

"Мен ас үйде тамақ дайындап жатқанмын, ұлым келіп Нұрлан жатқанын, оның басына бір нәрсе түскенін айтты. Мен келдім де, Нұрлан, Нұрлан дей бастадым, ол маған бір түрлі қарады", - дейді зардап шеккен ер адамның көршісі Кизил Абдуллаева.

Кизил Абдуллаева жерде жатқан жиһаз қалдықтары мен оқиға орнына келген жедел жәрдемді видеоға түсіріп алған.

Телеарна тілшілерінің анықтауынша, сол күні 39 жастағы ер адам түс уақытында анасына қонаққа бара жатқан. Кенет оның басынан ауыр зат құлаған. Кейін оның ас үй диваны екені белгілі болған. Бұдан бөлек, телеарна жиһаздың алтыншы қабаттан лақтырылғанын, алайда оның нақты кім лақтырғаны белгісіз екенін алға тартады.

Ал пәтер иесі жиһаздың өзінікі екенін, алайда оның кім лақтырғанын білмейтінін жеткізген. Айтуынша, сол уақытта оның үйінде ешкім болмаған. Десе де, жапа шеккен азаматтың ағасы Аман Ақын оның сөзіне сенбейтінін айтады.

"Үйдің иесі жиһаз өзінікі екенін, бірақ диванды 2 жыл бұрын галереялық кіреберіске апарып тастағанын айтады, бірақ мен оған сенбеймін. Ол бұл жиһазды екі күн бұрын да шығарып тастауы мүмкін. Куәгерлер жоғарыда балалар болғанын және олардың бір емес, екі-үшеу болғанын көрген. Олар бір-біріне көмектесіп, диванды далаға лақтырып жіберуі мүмкін ғой?", - дейді ер адам.

Дәрігерлердің сөзінше, зардап шеккен ер адам ауыр жарақат алған. Оның денсаулығына қатысты қандай да бір болжам жасау әзірге қиын.

"Науқастың жағдайы тым ауыр. Оның мойын омыртқасы сынған және жұлын омыртқасына зақым келген, денесі толығымен жансызданған", - дейді Маңғыстау облыстық көпбейінді аурухананың дәрігерлері.

Полиция телеарна тілшілеріне аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын, алайда нақты күдіктінің әлі анықталмағанын айтқан.

Сонымен қатар тілшілер зардап шеккен ер адамның үйленуді жоспарлап жүргенін атап өтті.

Айта кетейік, қайғылы оқиға Ақтаудағы ықшам аудандардың бірінде 12 қаңтар күні болған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2005578-aqtauda-basyna-divan-qulagan-er-adam-zansyzdanyp-qaldy-oqigaga-qatysty-zana-derekter-syqty/

pixel