Оралда Айназ, Айзада, Айдана есімді үшем дүниеге келді
Жарияланған күні:
Оралда үшем дүниеге келді. 10 күн бойы дәрігерлер бақылауында болған сәбилер бүгінде үйге шығарылды, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, Айназ, Айзада және Айдана есімді үшем Боранғаливтер отбасында өмірге келген.
Облыстық перинаталдық орталықтың бөлімше меңгерушісі Әсел Неғметованың айтуынша, нәрестелер жүктіліктің 34 аптасында дүние есігін ашқан. Туғанда бірінің салмағы 2 240 келі, бірінікі 2 230 келі, үшіншісінің салмағы 2 700 келі болған.
Дәрігерлер он шақты күн бақылауда болған сәбилердің де, анасының жағдайы жақсы екенін айтады.
Нәрестелердің әкесі Талап Боранғалиевтың сөзінше, үшемнен бөлек, үш балалары бар.
"10 және 1-сыныпта оқитын екі ұлым, 7-сыныпта оқитын қызым бар. Енді Алланың қалауымен алтауымыз. Үш қыз болады деп УЗИ-де айтты. Басында екеу деді, одан кейін үшеу деді. Қатты қуандық. Бірақ қазақтың салтымен ешкімге айтқан жоқпыз", - дейді Талап Боранғалиев.
Телеарнаның мәліметінше, сәбилер биылғы жылда дүниеге келген алғашқы үшем.
Айта кетерлігі, былтыр облыста 6116 сәби өмірге келсе, олардың 76-ы егіз, үшеуі үшем.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2005612-oralda-ainaz-aizada-aidana-esimdi-usem-duniege-keldi/