Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Смайылов индустрия министрлігіне еліміздегі жол сапасын жақсартуды тапсырды

Опубликовано:

Әлихан Смайылов алқа мәжілісінің отырысында. Фото
Әлихан Смайылов алқа мәжілісінің отырысында. Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алқа мәжілісіне қатысып, ведомствоның алдында тұрған басым міндеттерді атады, деп хабарлайды үкіметтің ресми сайты.

Ведомствоның мәліметінше, өнеркәсіп саласында 2022 жылдың қорытындысы бойынша өсім 1,1 пайызды құраған. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,4 пайызға өсті. Қалған секторлар да түгелге дерлік  өсім көрсеткен, дейді ведомство басшысы.

Сонымен қатар жалпы құны 2 трлн теңгені құрайтын 160 жоба жүзеге асырылып, 14,4 мың жұмыс орны құрылған.

Бұдан бөлек алқа мәжілісі аясында қатысушылар өнеркәсіп, құрылыс, көлік және геологиялық салаларды одан әрі дамыту жөніндегі жоспарларды, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы іс-шараларды талқылаған. 

Премьер-министр өз сөзінде осы жылы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алдында қазіргі сын-қатерлерге төтеп беретін бірқатар маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті. Оның сөзінше, тау-кен өндіру саласын дамытуға серпін беріп, өңдеу өнеркәсібінде жаңа өндірістер құру жөніндегі жұмысты күшейту қажет. 

Сондай-ақ Үкімет басшысы қазақстандықтардың автожолдардың сапасына, оның ішінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына қатысты шағымдары бар екеніне тоқталды.  

"Жөнделген учаскелер қайтадан жиі бұзылып жатады. Жөндеу жұмыстары адамдар үшін емес, жол жұмысшыларының өздері үшін жасалатын сияқты. Марат Кәрімжанұлы (Қарабаев – ҚР ИИДМ басшысы), бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап, оны тиімді шешуге мүмкіндік беретін шаралар кешенін әзірлеу қажет", - деді Әлихан Смайылов.  

Оның айтуынша, бұл мәселеде тиімді жоспарлау, келісімшарттарды енгізу, техникалық қадағалауды күшейту, цифрландыру және т. б. аса маңызды.  

Сонымен қатар отырыс барысында премьер-министр Қазақстанның көлік жүйесін халықаралық дәліздермен одан әрі интеграциялау бойынша жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

"Бұл елімізге аймақтағы негізгі "транзиттік хабтардың" біріне айналуға, сондай-ақ Ақтау және Құрық порттарын дамытуға, "Ақтау теңіз порты" АЭА базасында логистикалық хаб құруға, ҚТЖ трансформациялауға, теміржолдар салуға және жылжымалы құрамды жаңартуға мүмкіндік береді", - деп жазылған хабарламада.  

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2005884-smaiylov-industriya-ministrligine-elimizdegi-zol-sapasyn-zaqsartudy-tapsyrdy/

pixel