Қостанайда наркоздан кейін бір ай бойы комада жатқан бүлдіршін көз жұмды
Жарияланған күні:
Қостанайда былтырғы жылдың желтоқсан айында жасалған жоспарлы отадан кейін бір айдан астам уақыт бойы комада жатқан үш жасар бала көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Басылымның мәліметінше кішкентай Әмір кеше таңда көз жұмған. Бұл ақпаратты басылымға Қостанай облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Ержанов растаған.
"Өкінішке қарай біз дәрменсіз болдық", - деді ол.
Сонымен бірге басылым дәрігерлер анестезияға қолданған "Профол" препаратына қатысты сараптама әлі аяқталған жоқтығын хабарлайды.
"Дәрігерлер мәселе сол дәріде болды деп санайды, ол препарат бұрын да қолданылған, бірақ ол тіпті жаңа туған сәбилерге де бұлай әсер етпейтін. Әзірге препаратта қандай олқылық болғаны белгісіз. Дәрі шамадан тыс көп мөлшердегі дозада салынды деген нұсқа алынып тасталып отыр, себебі барлық жазбалар мен база тексерілді", - деп жазылған хабарламада.
Белгілі болғандай жоспарлы урологиялық отаны балаға былтырғы жылы, оның туған күні 15 желтоқсанда жасаған. Әмір комаға отадан кейін, келесі күні түскен, осылайша қайта есін жимаған.
Осы уақыт бойы бүлдіршін жансақтау бөлімінде, өмірді қамтамасыз ету аппараттарында жатқан.
Тағы бір айта кетерлігі, сол күні ота тағы төрт кәмелет жасына толмаған балаларға жасалған еді. Олар да анестезияны ауыр көтерген. Мысалы, 17 жастаға науқас баланың басы ауырса, 2,6 және 4 жастағы бүлдіршінде дене қызуы 40 градусқа дейін көтерілген. Бұл ретте балалардың бесеуі де анестезияны бір флаконнан алғаны белгілі болды.
Еске салсақ, бұған дейін балақайдың ата-анасы денсаулық сақтау басқармасы мен прокуратураға шағымданған еді. Қазіргі таңда оқиғаны арнайы комиссия зерттеуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2006266-qostanaida-narkozdan-keiin-bir-ai-boiy-komada-zatqan-buldirsin-koz-zumdy/