Арыстанбек Мұхамедиұлының бұрынғы орынбасары ұсталды
Жарияланған күні:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ұлттық музей директоры, бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және басқа да азаматтарға қатысты бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау фактілері бойынша тергеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ведомствоның ресми Telegram-арнасы.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстан Республикасы ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы және басқа да адамдарға қатысты бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау фактілері бойынша тергеуді жалғастыруда.
Жүргізіліп жатқан тергеу аясында А. Мұхамедиұлымен және басқалармен сөз байласып, "Әлем мұражайлары бойынша Алтын адамның шеруі" халықаралық көрмесінің жобасын іске асыру кезінде 221 миллион теңге сомасында сеніп тапсырылған бюджет қаражатын ұрлауға қатысқан "Қазақстан Республикасы ұлттық мұражайы" РМҚК директорының бұрынғы орынбасары А.Ш. Нұразхан ұсталды", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен бірге ведомство өкілдері Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының санкциясымен Алмаз Нұразхан 2 ай мерзімге қамауға алынғанын хабарлайды.
Қазіргі таңда тергеу жалғасуда.
Айта кетейік, 2022 жылы 29 мамырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауға алғаны белгілі болды.
Бұдан бөлек экс-шенеунікті қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2006491-arystanbek-muxamediuly-isi-ulttyq-muzei-direktorynyn-buryngy-orynbasary-da-ustaldy/