Маңғыстауда көлігінен бес бекіре балығы табылған тұрғын үш жылға түрмеге тоғытылды
Жарияланған күні:
Маңғыстау облысында көлігінен бес бекіре балығы табылған тұрғын үш жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған inaktau.kz
Іс материалдарына сүйенген басылымның хабарлауынша, ер адам 2022 жылдың қыркүйек айында полицейлердің назарына іліккен.
Тексеріс кезінде оның көлігінің багажынан жалпы салмағы 24 келіні құрайтын, аулауға тыйым салынған бес бекіре балығы табылған.
"Сотталушы жануарлар мен олардың пайдалануға тыйым салынған бөліктерін заңсыз өндіру және тасымалдау арқылы (ҚК 339-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы) ірі залал келтіргені үшін кінәлі деп танылды. Оған үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деп хабардар етті облыстық соттың баспасөз қызметі.
Басылымның мәліметінше, сотталушы мен оның адвокаты сот үкіміне аппеляциялық шағым түсірген. Олар тағайындалған жазамен келіспей, бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектеу жазасына өзгертуді сұраған.
"Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы сот іс бойынша жиналған дәлелдемелер негізінде сотталушы аталған қылмысты жасағанын дұрыс анықтап, оларды жан-жақты, объективті түрде бағалап, зерттеген деген қаулы шығарды. Үкімнің өзгеруіне немесе күшін жоюға себеп болатын жаңа дәлелдер ұсынылмады.
Сол себепті Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен сотталған адамға қатысты бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз қалдырылды, апелляциялық шағым қанағаттандырылмады", – деп түсіндірді облыстық соттың баспасөз қызметі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2006682-mangystauda-koliginen-bes-bekire-balygy-tabylgan-turgyn-us-zylga-turmege-togytyldy/