Еліміздің төрт облысында ақбөкендерді атуға рұқсат беріледі
Жарияланған күні:
Қазақстанның бірқатар облыстарында ақбөкендерді атуға рұқсат беріледі. Алайда киіктерді тек ғылыми зерттеу мақсатында ғана аулауға болатын көрінеді. Тиісті жобаны экология және табиғи ресурстар министрлігі жариялады, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, экология министрлігі құжатына сәйкес, киіктерді аулауға тек БҚО, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарында рұқсат етіледі. Оның ішінде әзірге тек 1815 бас ақбөкен ауланады деп жоспарланып отыр. Мәселен Қарағанды мен Ақмола аймақтарынан 700 киік ауланса, Қарағанды облысында - 700 бас, ал Қостанай мен Батыс Қазақстан облыстарынан 200 бас киік ауланбақ.
Естеріңізде болса, киіктерді ату мәселесі киелі жануар санының күрт өсуімен қарастырылған еді. Себебі былтыр киіктің көбейіп кетуіне байланысты Ақмола мен Батыс Қазақстандағы шаруалар шу шығарған болатын. Олар ақбөкендер егіс алқабын таптап, талай шаруаны шығынға батырғанын айтып, шағымданған еді. Осыған сәйкес, экология министрлігі киікті атуға рұқсат берген уақытта, жануарларды қорғаушы белсенділер аталған шешімге қарсы шығып, оны тоқтатқан еді.
Сонымен бірге телеарна тілшілері мамандар түз жануарларының етін асып жеп, мүйізін пайдалануға ешкімнің құқығы жоқ екенін айтады. Жалпы анықталғандай киелі жануардан тек ғылыми қызметкерлер ғана сынама ала алатын көрінеді.
Бұдан бөлек телеарна ақбөкендерді атқан бойда, олардың өлексесі ветеринарлық, жұқпалы ауруларды зерттейтін институттарға жеткізілетінін хабарлайды.
"Тым аз көлемде ауланады. Бұл зерттеу жұмысына қажет. Киіктердің көбеюін, денсаулығын, қандай індетпен ауырады немесе жұқтырған ауруы бар ма, соны анықтайды. Бір-ақ бас киіктен ондағы үйірдің жағдайын білу мүмкін емес. Сондықтан бір аумақтан, кем дегенде 100-ден аулану керек", - дейді М. Өтемісов атындағы БҚУ ғылыми қызметкері Михаил Шпигельман.
Дереккөз: КТК телеарнасы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2006798-elimizdin-tort-oblysynda-aqbokenderdi-atuga-ruqsat-beriledi/