Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"76 мың теңгемен қалай өмір сүреміз": Таразда университет қызметкерлері бас көтерді (видео)

Опубликовано:

ақша санап отырған әйел
Ақша санап отырған әйел. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде шу шықты. Айлығымыз 50 пайызға дейін қысқарып қалды деген еден жуушы, күзетші, шаруашылық бөлімінде істейтін қызметкерлер бас көтеріп, жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, аймақтағы ең ірі оқу ордасының шаруашылық қызметкерлерінің жалақысы 15-тен 50 пайызға дейін қысқарып қалған.

"140 мың теңге айлық алатынмын. Кеше 76 мың алдым. Мынаның бәрі айтқысы келеді. Ертең жұмыстан шығарып жібере ме деп қорқады. Айтпағанда өлеміз бе?! 76 мыңмен қалай өмір сүреміз? Үйде жұмыс істейтін бір-ақ адам", - деді ағаш ұстасы Тәттібек Ахметов.

"Қалай отбасымызды асыраймыз" деген көпшілік бұған дейін жалақының өсетіні жайында естіген едік дейді. Бірақ жеме-жемге келгенде, керісінше болған.

"Демалысқа кетеді, оның орнын жуамыз. Ауырып жатады, оның орнын жуамыз. Неге төленбейді? Ешқашан төленбейді! Ол ақша қайда кетіп жатыр?", - дейді еден жуушы Сара Жанқожаева.

Жиналғандар арасында ақысыз демалысқа кеткендер де бар. Енді олар алдағы күніміз не болады деп алаңдап жүр.

Ал оқу ордасының басшылығы мәселе айлықты қайта есептеуден туындағанын айтады. Анығы, өткен жылы негізгі жалақыға үстемақы берілген екен. Ол биыл тоқтатылыпты. Еңбекақының қысқаруына сол себеп болған. Бірақ шу шыққан соң бәрімен бұрынғыша есептесетін болды.  

"Негізгі жалақыларын алды, қосымшасы қазір кетеді. Бүгін бірден жібере саламыз. Барлығы есептеліп қойды. Алады, ол жерде ешқандай проблема жоқ", - деді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов.

Басшылықтың бұл жауабын естіген шаруашылық қызметкерлері осылайша үйіне көңілді тарқасты.

Айта кетейік, Тараз өңірлік университеті бұл аймақтағы ең ірі оқу орны. Мұнда 15 мыңға жуық студент білім алады.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2007548-76-myn-tengemen-qalai-omir-suremiz-tarazda-universitet-qyzmetkerleri-bas-koterdi-video/

pixel