Атырауда перинаталдық орталықта жүрген тышқандар жүкті әйелдерді шошытқан (видео)
Жарияланған күні:
Атырау облыстық перинаталдық орталығындағы патология бөлімшесінде жүгіріп жүрген тышқандар босануға барған әйелдердің зәресін алған. Жауапты мекеме кеміргіштерге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Орталықтың патология бөлімшесіне түскен Сая Айдынқызының айтуынша, тышқандар әсіресе түнгі уақытта топтасып жүретін көрінеді.
"Бір бөлмеде үш қыз болып жаттық. Күндіз тышқандарды байқамайтынбыз, барлығы түнгі уақытта шығып, зәремізді алады. Өзіміз күніміз жақындап, әрең жүргенде мына тышқандарды көріп одан сайын шок болдық. Тазалықшыларға да, дәрігерлерге де айттық. Бірақ олар ештеңе жасай алмайтынын айтты", — дейді ем алушы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары мәселені түсіндіріп, жағдайға байланысты пікір білдірді.
"Қазіргі кезде перзентхана қаладан алыс жерде орналасқан және жазық далаға байланысты дала тышқандары бар. Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы, перинаталдық орталық әкімшілігі бұл мәселенің алдын алу үшін дезинфекция жұмыстарын жүргізіп тұрады. Алдағы күндері дезинфекция жұмыстары тағы да жүргізіледі", — деп жауап берді басқарманың баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Атырау облыстық перинаталдық орталығы 2022 жылғы қазан айынан бастап қала сыртына, коронавирус кезінде салынған модульдік ауруханаға көшірілген болатын.
"Модульдік ауруханаға перзентхана уақытша көшірілді. Күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған соң бұрынғы мекенжайға ауысамыз", — деп түсінік берді басқарма мамандары.
Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2008578-atyrauda-perinataldyq-ortalyqta-zurgen-tysqandar-zukti-aielderdi-sosytqan-video/