ҚМА миллиардер Анатолий Балушкинді Қазақстанға тергеу органына шақырды
Жарияланған күні:
Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстаннан тыс жерде жүрген миллардер Анатолий Балушкинді сотқа дейінгі тергеу органына шақырды. Бұл туралы құзырлы орган Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
Агенттіктің хабарлауынша, күдікті Анатолий Балушкин 10 ақпанда сағат 17:00-ге дейін тергеу амалдарын жүргізу үшін Өскемен қаласы Новаторов көшесі 7/2 мекенжайында орналасқан Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің әкімшілік ғимаратына келуі қажет.
Сондай-ақ агенттік тергеу амалдарына қатысу үшін күдікті ретінде танылып отырған Балушкиннің қорғаушыны өз бетінше шақыруға немесе қылмыстық процесті жүргізетін органның қорғаушының қатысуы туралы өтінішхат беруге құқылы екенін атап өткен.
Қорғаушыны күдікті немесе оның заңды өкілдері, сондай-ақ олардың атынан өзге де адамдар шақырмаса, қорғаушының қатысуын қылмыстық процесті жүргізетін орган қамтамасыз етеді.
"Шақыру қағазының белгіленген уақытта келуіне кедергі келтіретін себептер болған жағдайда, сондай-ақ прокурордың немесе сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамның, күдіктінің немесе оның өкілі болып табылатын адамдардың қорғаушының қатысуы туралы өтінішхат беруге ниет білдірген жағдайда белгіленген тәртіппен сотқа дейінгі тергеу органына алдын ала хабарлауға міндетті", - делінген ведомство хабарламасында.
Еске салсақ, 2021 жылдың тамыз айында "Бипек Авто" холдингінің иесі ретінде танымал қазақстандық миллиардерге іздеу жарияланғаны белгілі болды. Бұл туралы Бас прокуратура ресми сайтында хабарлаған.
Кейінірек Қаржылық мониторинг агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаменттің "Азия-Авто" АҚ компаниялар тобының құрылтайшысы Анатолий Балушкинге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі (алаяқтық) бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлады.
Сот оған қатысты сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.
Сондай-ақ 2022 жылдың шілдесінде халықаралық іздеуде жүрген кәсіпкердің ісі бойынша 77 жылжымайтын мүлікті (оның ішінде Рахманов қайнары, Нұртау және Порт-Фортуна демалыс орындары) және 1 мыңға жуық жылжымалы мүлікті сотқа дейін тәркілеу туралы өтінішхат сотқа жіберілгені хабарланды.
Анатолий Балушкин Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкерінің тізіміне енді, оның байлығы 2020 жылы 150 млн доллардан астам деп бағаланды, ол "Азия Авто" АҚ және "Бипек Авто Қазақстан" АҚ акционері болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2008726-qma-milliarder-anatolii-baluskindi-qazaqstanga-tergeu-organyna-saqyrdy/