Алматылықтар Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге қалай көмектесе алады
Жарияланған күні:
Алматы әкімдігі оңтүстік астана тұрғындары жер сілкінісінен зардап шеккен түрік азаматтарына қалай көмектесе алатынын айтты, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Алматыда зардап шеккендер үшін гуманитарлық көмек қабылдайтын екі пункт ашылған. Олар:
- Depo Evolution Park, Байтұрсынов көшесі, 22к1;
- Алматы халықаралық әуежайы, Майлин көшесі, 2 мекенжайында орналасқан.
Әкімдік әуежай базасындағы қабылдау пункті үлкен көлемдегі гуманитарлық көмекті қабылдауға арналғанын атап өтті.
Қабылдау пункттері сағат 09:00-ден 12:00-ге дейін және 15:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
Сондай-ақ ведомство қабылдау пункттерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу және заттарды сұрыптау үшін 50 тәжірибелі ерікті тартылғанын айтты.
Гуманитарлық көмек қатаң түрде Түркияның Қазақстандағы елшілігі ұсынған тізім бойынша қабылданады. Қазіргі уақытта мынадай гуманитарлық көмек қажет:
- Ересектер мен балалар үшін қыстық киімдер: пальто, куртка, плащ (маңыздысы – заттар жаңа болуы керек);
- аяқ киім: бәтіңке, етік;
- жылы киімдер: жемпір, шалбар, қолғап, шарф, бас киім;
- шұлық, іш киім және басқа да материалдар;
- көрпе, ұйықтайтын қап;
- термос, қолға ұстайтын фонарь, пауэрбанк;
- памперс, жеке және әйелдер гигиенасы үшін қажетті құралдар.
Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек қабылдау пункттері Астанада да жұмыс істеп тұрғанын айта кетейік.
Еске сала кетсек, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Республикасына гуманитарлық көмек ретінде Қазақстан үкіметі 1 млн доллар бөлген болатын.
Сонымен қатар қазіргі таңда апат болған аймақтарда қазақстандық құтқарушылардың екі тобы жұмыс істеуде. Олар жер сілкінісінен кейін із-түзсіз жоғалған адамдарды іздестіруге, төтенше жағдайдың зардаптарын жоюға көмек көрсетуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2008772-almatylyqtar-turkiyadagy-zer-silkinisinen-zardap-sekkenderge-qalai-komektese-alady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.