Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркияда зілзаладан зардап шеккен халыққа Қазақстан атынан жіберілетін киіз үйлерді кім құрады

Опубликовано:

Киіз үй
Киіз үй. Көрнекі фото: Рixabay.com

Осыдан бірнеше күн бұрын журналист Нұрбек Бекбау Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде киіз үй жіберу үшін халықтан жылу жинауды бастаған болатын. Журналист қазіргі таңда жүзден астам киіз үйді әуежайға алып келгенін және Түркия елінде бұл үйлерді құруға елімізден 12 жігіт аттанатынын мәлім етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бұл жайлы Нұрбек Бекбау Instagram парақшасында мәлім етті.

"Түркияға жүз шақты киіз үй жіберсек? Зілзаладан үйлері қирап қалған халық ашық далада отыр. Сүйегі жеңіл, құламайтын киіз үй шошып отырған бұқараға психикалық қатерсіз көңіл күй сыйлар еді. Наурыз мейрамында әр облыста жүздеген киіз үй тігіледі. Әкімдіктер өңірде қанша киіз үй барын біледі ғой. Жинап, Түркияға жіберейік.

Осы жолы Наурыз тойламай-ақ қоялық. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, "ата жұрттан көмек келді" деген сөздің психологиялық салмағы алапат. Әрі достығымыз, туыстығымыз осындайда артады", - деген ұсыныс айтқан болатын журналист.

Нұрбек Бекбаудың сөзінен соң қазақстандықтар жылу жинауға кіріскен. Осыдан соң екі күн ішінде қазақстандықтар Түркияда жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шамамен 18 млн теңге жинады.

Журналистің мәліметінше, аталмыш қаржыға 40-қа жуық киіз үй алып, Түркияның Қазақстандағы бас консулдығына жеткізу жоспарлануда.

Ал бір тәулік бұрын Нұрбек Бекбау Түркияда зілзаладан зардап шеккендерге киіз үй алуға жинайтын жылудың тоқтағанын мәлім етті.

"Дәл қазір 20 миллион теңгеден асатын ақша жиналды. Міне, 45 киіз үйді сатып алуға ақшасын аудардық. Бұған 17 млн 300 мың теңге кетті. Енді 2 млн 700 мың теңгеге тағы да 10 киіз үй аламыз. Бірер минутта киіз үйлердің видеосын жариялаймын.

Кәсіпкер ағалар 50-ге жетердей киіз үй сатып алып, әуежай қоймасына қойды. Яғни, бізден 50-ден астам киіз үй және жеке кәсіпкерлерден 50 киіз үй. Жалпы жүзден астам киіз үй Түркияға жіберіледі. Ақша жіберуді тоқтатайық. Жылу жинау жабылды", - деді Нұрбек Бекбау парақшасында.

Сонымен қатар журналист Түркия еліне жөнелтілген киіз үйлерді кімнің құрастыратынын да атап өтті.

"Қазір ғана 45 киіз үйді әуежайға алып келдік. Бізге әуежай түбінен киіз үйін әкеліп, қосып жатқан жұртшылық бар. Одан қалды, кәсіпкер ағаларымыздың өз күшімен сатып алған киіз үй саны 30-дан асады. Қоймада қазір Түркияға кемі 100-ден астам киіз үй жөнелтілгелі тұр. Жасауымен жиылған боз үйлер ертең ауыр ұшаққа тиеліп, зілзаладан қираған қалаларға жеткізіледі.

Түрік басшылығы "Ақшаңқан киіз үйлерден кент жасап, аман қалған жұрт 2-3 ай сонда паналайды" деп жоспар айтып отыр. Барлығы аман-есен аяқталғанда, бұл киіз үйлер Түрік еліне қазақ қандастардан естелік боп қалады. "Қиын күнде туысқан жұрт тастамады, жалғыз қалдырмады" дегенді еске түсіріп тұрады.

Киіз үйлерді Түркияда құрастыру үшін Алматыдан 12 жігіт аттанады. Олар киіз үйді құру және жиыстырудың шеберлері. Одан бөлек, от кешіп, мұз жастанып жүріп, жергілікті халыққа көмектеседі. Қазақ диаспорасы да дайын отыр. Алла жазып, ертең киіз үйіміз аман-есен иелеріне жеткей. Баршаңызға рақмет", - деді халықтан Түркия елі үшін жылу жинаған журналист.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2008882-turkiyada-zilzaladan-zardap-sekken-xalyqqa-qazaqstan-atynan-ziberiletin-kiiz-uilerdi-kim-qurady/

pixel