Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"2 млн теңге бергендер болды": Хит әндердің сөзін жазған ақын Қайнар Алагөзов бұрын-соңды айтпаған сырын ақтарды

Жарияланған күні:

Қайнар Алагөзов
Қайнар Алагөзов. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Қазақ эстрада жұлдыздарының талай хит әнінің сөзін жазған Қайнар Алагөзов шығармаларының құны қанша? Ақынның алғашқы кітабына не арқау болды? Көпке танымал ақын KAZ.NUR.KZ тілшісімен сұхбатында осы және өзге де сұрақтарға жауап берді.

Әңгімемізді жаңа кітабыңыздан бастасақ, сиясы кеппеген жырларыңызды қашан оқимыз?

- Кітап - баспада. Санаулы күнде қолыма тиеді. Алғашында 10 мың тираж дегенбіз, кейін сұраныс артып, 15 мың данаға көбейттік. Қызылорда облысы 2 мың данаға, Атырау 5 мың кітапқа, шалқарлықтар 2 мың кітапқа тапсырыс берді. Ішінде 200-дей өлеңім бар. 180 беттен тұрады. Өмір, әйел, қыз, саясат тақырыбы да жоқ емес. Біраз адамның құлағын шулататын кітап болайын деп тұр. Көпшілігі - әнге айналмаған, айтыста айтылмаған туындылар. Ең бастысы айтқан сөзің шариғатқа, салт-дәстүрге қайшы келмеуі керек. Мен өзім құдайға, халыққа қарсы шығып кетпейін деп осыған аса мән беремін. Халықтың көкейіндегі сұрақты айтуға тырысамын.

- Кітап шығаруды өзіңіз көптен жоспарлап жүрдіңіз бе?

- Қыдырәлі Болманов деген әнші ағам: "Қайнар, сенің кітабыңды шығарып берейін" деп ең бірінші айтқан. Рахметімді айттым. Осыдан кейін өзімде де қызығушылық пайда болды. Қазір алғашқы кітабыма қолдау білдіріп жатқан кәсіпкер ағалар бар. Мен бұл жерде тек пайданы көздеп тұрған жоқпын. Кітап шығару - ақындыққа қызығушылығы бар адамның арманы.

- Жеке парақшаңыз арқылы айтыс үйірмесін ашқыңыз келетінін хабарладыңыз. Неге Ақтөбені таңдадыңыз?

- Туған жер. Ақтөбе - батырлыққа бастау болған мекен. Кәсіпкер достарым "мектеп ашсаң, өзің жүргізсең" деген ұсыныс айтты. Ол жерде тек айтыс емес, түрлі үйірме болады. Келістім. Халық та қолдады. "Ақындыққа үйретші, баламды тәрбиелеші, шәкірт қылшы" деп хабарласатындар бар.

- Өнер ордасы - Алматыдан алыстап, Ақтөбеде қалуыңыздың себебі неде?

- Алматыда жастық, студенттік шағым өтті. Бір себептермен 2019 жылы Ақтөбеге келдім. Әрі қарай карантин басталды. Оның үстіне Алматыда үйім болған жоқ, Ақтөбеде үйім бар. Осылай. Ең бастысы осында достарым, туыстарым бар. Алматы - өнердің ордасы дегенімен, мен ол жақта өнер адамдарымен араласып жүрген жоқпын. Ол жақта да тума-туыс, шалқарлықтар боп жүрдік.

- Саяси мәселелерді түйреп өтетін өлеңдеріңіз аз емес. Сол жайлы айтып өтсеңіз?

- Жер мәселесі дау болғанда Жириновскийге, әкімдерге шығарған өлеңдерім бар. Сол өлеңдерді жазғанда қолым дірілдеп, ашумен отырып жаздым. Оқыған кезде де сондай толқыныста боламын. Ол - менің жанайқайым. Ол өлеңдерім - елдің көкейінде жүрген ой, халықтың сөзі. Мені ақын деп мойындаған ел "Неге сен осыны айтпайсың" дегенде, мен қалай үнсіз қаламын.

- Төл туындыларыңызды қалай бағалайсыз?

- "Мынау мынанша теңге" деп айтып көрмеппін. Бергенін аламын. Кейде әнге сөз жазамын, кейде сөзге ән жазылады. 650 әнге сөз жазған екенмін. Бәрінде де бергенін алдым. 5 мың теңге бере ме, бата бере ме - айырмашылық жоқ. Бір шығармам үшін 1 миллион, 2 миллион теңге бергендер болды. Сапа жағын білмеймін, сан жағынан рекорд жасап тастағанмын. Авторлық қоғамнан түседі, Алла берекесін берсін.

- Өлең жазуға уақыт арнайсыз ба?

- "Өлең деген тумайды жайшылықта…" деген Жүрсін ағамның сөзі бар. Қарбалас тірлікте келген ойлар. Оны түртіп алып, алты айлап, жылдап жүріп шығатын кездер болады. Жан-жақтан қолқа салатындар да аз емес.

Бір жағдай болды. 16 жастағы ақтөбелік жігіт қайтыс болды. Туған ағасы хабарласып "Анам жанын қоярға жер таппай жүр. Сенің өлеңдеріңді жақсы көретін еді. Анама жұбаныш болатындай өлең жазып берші" деп өтініш айтып келді. Қолыма бауырының суретін ұстатты. Ана өлеңді жазу үшін қаншама түн қиналдым. Оның суретіне қарап, түндерді жылап өткіздім. Жанымды жеген өлеңді бастап, жазып бердім. Қазір бұл өлең есте қалған шығармаларымның біріне айналды.

Кейде "ақындық кімге дәрі, не үшін жазамы?" деген ойларымды осындай өтініштер жұбатады. "Төрт жол өлеңің медеу болып жатса, бекер емес, жазуым керек екен" деп қаламымды тастамаймын.

Қазір афоризмдер жазып жүрмін. "Қайнардың афоризмдері" деген дүние шығарғым келеді.

- Өз туындыңызды тыңдағандағы әсеріңіз қандай, сізге жақыны қайсысы?

- Әркімнің шығармасы өзіне ұнайды, ұнаған соң шығарады. Қолымнан келгенше "халтура" жасамай, ынтамен жазамын. Пендеміз, кейде қате кетуі мүмкін. Ең бірінші әнімді Алматыдағы "барахолкада" естідім. Диск сатып тұрғандар колонкамен қосып қойған. Ана жерден айналшықтап кетпей "бауырым, тағы қосшы" деп айттым. Әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қуанып жүрдім. Кейін оған да үйреніп кеттік. Кейде радиодан 5 әнімді қатар беретін кездер болады. Қазір қатты әсер жоқ, жұрттың әнін тыңдағандай тыңдап отыра беремін.

- Айтыс ақыны ретінде танылдыңыз. Айтыста көрінбей кетуіңіздің себебі неде?

- Өзіміздің еркелігіміз бар. Бірақ түбегейлі "қойдым" демедім. Таяуда Жаркентте және Таразда өтетін айтысқа дайындалып жүрмін.

- Өлеңіңізді бірінші оқитын адам кім? Кімнің ақыл-кеңесіне көбірек жүгінесіз?

- Көбінесе келіншегіме оқып беремін. Аян Сейітов деген досым, інілерім бар. Аян біреуді сыртынан жамандамайды, артық мақтамайды. "Мынауың өлең екен" немесе "өлең емес" дейді. Сол бір ауыз сөздің бағасы жоғары. Ақылшыларым - достарым мен айналадағы ағайын. Ақындармен қатты байланысым жоқ.

- Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз…

- Әкеміз Жанғазы деген кісі, ерте қайтты. Ол кезде 11 жаста едім. Шешем - Алданыш. Мұғалім болды. Қазір зейнет жасында. Отбасында үш ұлмыз. Менен екі жас үлкен Қайсар деген ағам, бір жас кіші Айбар деген інім бар. Тете өстік. Үшеуіміз де Шалқардың қызын алдық. Келіншегімнің есімі - Назгүл. Қарапайым отбасында тәрбиеленген. Әкесі шебер, анасы - дәрігер. Келіншегім - өзіммен құрдас. Әлихан деген ұлымыз бар.

Алғашында ақын болуыма анам қарсы болды. Мектепте жақсы оқыдым. 10 сынып оқып жүргенімде Мөңке бидің 300 жылдығына арналған айтыста көлік ұтып алдым. 16 жастамын. Содан кейін анам "менің де балам ақын екен ғой" деп мәз болды. Спорттағы ережесіз жекпе-жекке шыққан жігіттердің аналары баласының ойынын көре алмайды екен. Менің мамам да "айтысыңды залда отырып қарай алмаймын, жүрегім ауырады" дейді.

- Әңгімеге қосарыңыз бар ма?

- Жазба ақындарының айтыс ақындарын өздерінен төмен санауы бар. Жалпы айтыскер ақынды емес, көшедегі үй-күйі жоқ адамның өзін төмен санауға қақымыз жоқ. Ол - қате. Ақын басымен соған санасы жетпесе ондай адамдарды ақын деп айта алмаймын. Соны бір жерде айтқым келеді. Жалпы, айтқым келетін нәрсе көп. Жазба ақындары айтыс ақындары туралы жүрген жерінде "халтурщиктер, әртістер" деп айтып жүреді. Ал айтысқа, әділқазылыққа шақырса елден бұрын жетіп барады. Пікірлерінде тұрақтылық жоқтай көрінеді. "Жайдарман - өнер емес" дейді. Жайдарманға әділқазылыққа шақырса, сонда отырады.

Өзімнің "Айтыс лигамды" ашуды армандаймын. Айтыстан әділетсіздік көріп, көңілі қалған таланттар жер-жерде жетеді. Соларды өз лигама жинағым келеді. Әділетсіздік деген айтыстың да сәнін кетіріп болды.

- Әңгімеңізге рахмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2009269-2-mln-tenge-bergender-boldy-xit-anderdin-sozin-zazgan-aqyn-qainar-alagozov-buryn-sondy-aitylmagan-syryn-asty/