Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ТЖ министрі Түркиядан аман-есен оралған Қазақстан құтқарушыларын өзі күтіп алды (фото, видео)

Опубликовано:

Елге оралған Қазақстан құтқарушылары
Елге оралған Қазақстан құтқарушылары. Фото: ТЖМ ресми сайты

Түркияның Нурдагы қаласында жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға қатысқан қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны елге аман-есен оралды, деп хабарлайды ТЖМ ресми сайтында.

Ведомствоның мәліметінше, ТЖМ құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері бар борт Астана әуежайына қонған.

Оларды ел тұрғындары, туыстары, достары мен әріптестері күтіп алған.

Сондай-ақ құтқарушыларды қарсы алуға Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин және Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи (Ufuk Ekici) келіп, мамандардың әрқайсысына атқарған жұмысы үшін алғысын айтқан.

Еске сала кетейік, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 6 ақпанда жойқын жер сілкінісі болған Түркияға көмек көрсету үшін қазақстандық құтқарушылардың алғашқы эшелоны 7 ақпанда барған еді.

8 ақпанда апат болған аймаққа қазақстандық құтқарушылардың екінші тобы барды.

Қазақстаннан аттанған топтың құрамында Астана, Алматы қалаларының, Ақмола және Қарағанды облыстарынан құтқарушылары, Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері және кинологиялық топтар болды.

Қазақстандық құтқарушылар тобын ТЖ бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев басқарды.

Құтқарушылар Түркияның үш өңірінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде үйінді астында қалған 7 адамды құтқарып, қаза тапқан 88 адамның оның ішінде 10 баланың денесі шығарған.

Одан бөлек құтқарушылар қолмен, сондай-ақ инженерлік техниканы, авариялық-құтқару жабдықтарын, шанц аспаптарын тарта отырып, 250 мың текше метрден астам үйінділерді бөлшектеген.

Ал Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері тәулік бойы жұмыс істеп, 200-ге жуық жергілікті тұрғын мен құтқарушыға оның ішінде 30-ға жуық балаға медициналық көмек көрсеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010008-turkiyadagy-izdestiru-qutqaru-zumystaryna-qatysqan-qazaqstan-qutqarusylarynyn-ekinsi-toby-elge-oraldy-foto/

pixel