"Әйелдер еңіреп, ерлердің көзі жасқа толды": Қазақ журналисі Түркиядан кетерде жас анаға күртесін шешіп берді
Жарияланған күні:
Қазақ журналисі Әмірболат Құсайынұлы Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен соң қатты зардап шеккен Каһраманмараш қаласында болып, жергілікті халыққа Қазақстан тарапы жіберген көмекті үлестіруге атсалысты. Апат аймағынан кетерінде журналист үстіндегі күртесін түркиялық жас анаға шешіп берген, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы ол өзінің Facebook желісіндегі жеке парақшасында жазды.
"Курткамды кигізіп кеттім, "көзімдей көр" деп. Қуанып, бірден қабыл алды. Суықта жеңіл киіммен баласын тамақтандырып жатыр екен. Күйеуінің қайда екенін bilmiyorum, сұрамадым. Жылы киім, жылы үй, жылы су, ыстық тамаққа зәру адамдар жүз мыңдап саналады.
Қаһарманмараш енді бұндай зұлымдық көрме. Халқы қиындыққа шыдаған, сынақта сынбаған, сабырлы, басқа түскен ауыр салмақты үнсіз көтерген, қаласы да қаһарман, тарихи оқиғаларға толы мекен.
Айналамыздағы адамдарға мықты, бекем болуды тілеп жолға шықтық. Кетерде алдымен елдің, сосын Түркияның әнұраны орындалды. Әйелдер еңіреп, ерлердің көзі жасқа толды, бейкүнә балалар жәутеңдеп қалды. Жүрек езілді. Аман болыңдар тағдырдың тәлкегіне түскен түркі халқы. Сендер талай сынаққа төтеп берген батыр да, батыл, күллі түркі жұртының тірегісіңдер", - деп жазды журналист Әмірболат Құсайынұлы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010144-aielder-enirep-erlerdin-kozi-zasqa-toldy-qazaq-zurnalisi-turkiyadan-keterde-zas-anaga-kurtesin-sesip-berdi/