Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жамбас сүйегі морт сынған": Алматы облысында сырғанақ кезінде зардап шеккен қыздың анасы жанайқайын айтты

Опубликовано:

сырғанақта жүрген адамдар
Сырғанақ теуіп жүрген адамдар. Көрнекі фото: KAZ.NUR.KZ

Алматы облысының тұрғыны сырғанақ тебуге барған 10 жастағы қызының жамбас сүйегі морт сынып, төсек тартып қалғанын айтады. Қыз баланың анасы оған сырғанаққа отбасымен демалуға келген ер адамды кінәлап отыр, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оқиға 21 қаңтарда Талғар ауданында жабдықталмаған, тюбингпен сырғанайтын орында болған.

"Менің қызымды сырғанақ теуіп жүргенде екі баласымен бірге тюбингпен төмен қарай сырғанап келе жатқан ер адам қағып кетті. Қызым сол сырғанаққа ата-әжесімен барған болатын. Қызым жан-жағына қарап, жоғарыдан тағы біреу сырғанап келе жатпағанына көз жеткізген соң төменге сырғанап түскен. Ал одан соң қарама-қарсы беттен ер адам екі баласымен бірге менің қызымның жолдан кеткенін күтпей, төмен қарай сырғанаған.

Ер адам менің қызыммен соқтығысатынын біліп, өз балалары жарақат алып қалмас үшін аяғын менің қызыма тіреп, жамбас сүйегін сындырған. Қызым тұрғысы келген, бірақ сынған жері қатты ауырып, жерге аунап, жылап қоя берген. Содан ата-әжесі, сол жерде жүрген басқа да адамдар жедел жәрдем шақырған. Ал қаққан ер адам тіпті қызымды жоғарыға қарай көтерісіп апаруға ниет білдірмеген, жәдел жәрдем көлігіне дейін жеткізбеген. Сол жерден кетіп қалған", - дейді Софияның анасы Наталья Крюковская.

Кейін 10 жастағы қыз баланы ата-әжесі ауруханаға апарған. Ол жерде рентгенге түсіргенде сүйегі морт сынғаны белгілі болған.

"Сондықтан дереу ота жасау керек деп айтты. Қызымды облыстық ауруханаға апарып жатқыздық. Сол күні кешке бірден полицияға барып шағымдандым. Қызыммен соқтығысқан ер адамды полиция емес, өз бетімізше іздеп таптық. Ал ол полицияға өзінің ешқандай кінәсі жоқ екенін айтқан. Ол керісінше өзімізге арыз жазамын деп қорқытты. Ол бізден кешірім де сұраған жоқ, көмек болған жоқ", - дейді зардап шеккен қыз баланың анасы.

Наталья Крюковскаяның сөзінше, полиция баяу қимылдауда, сондықтан бұл істі соңына дейін апаратынына сенбейтінін айтады.

"Мен бұл жағдайда не істерімді білмеймін. Қызым отадан кейін екі ай төсек тартып жататын болды. Тек содан кейін дәрігерлер оған аяққа тұруға рұқсат береді, бірақ соның өзінде таянып қана тұруы мүмкін. Мен үнемі қызымның жанында болуым керек. Өз бетімен қажетін де өтей алмай қалды", - дейді ол.

Бұл жайтқа қатысты Алматы облыстық полиция департаменті пікір білдіріп, аталған тұрғынның шағымы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

"Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 114-бабының 1-бөлігі бойынша Талғар ауданы полиция басқармасында тіркелді.

Қазіргі уақытта істің толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында барлық қажетті сараптамалық тексерулер тағайындалды және сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысын облыстық департамент басшылығы бақылауға алды", - дейді Алматы облыстық ПД ресми өкілі Ернар Сайделдин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010217-zambas-suiegi-mort-syngan-almaty-oblysynda-syrganaq-kezinde-zardap-sekken-qyzdyn-anasy-zanaiqaiyn-aitty/

pixel