7 жылға бас бостандығынан айырылған Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды (фото, видео)
Жарияланған күні:
Бүгін, 21 ақпанда Атырау облыстық сотында апелляцияға шағым түсірген өңір басшысының бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты шешім шықты. Пара алғаны үшін 7 жылға сотталған облыс әкімінің экс-орынбасарына қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Сот шешіміне сәйкес Бақытгүл Хаменова жазасын үш жылдан кейін, яғни баласы 14 жасқа толғаннан соң өтейді.
Одан бөлек, тағы екі айыпталушыға қатысты апелляциялық сот үкімі шықты. Олардың бірі — 7 жылға сотталған Атырау облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиевтың жазасы 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына төмендетілсе, пара берді деген айыппен 4,5 жылға бас бостандығынан айырылған Өміртай Адамовтың жазасы 1,6 жылға дейін қысқарды.
Өз кезегінде Бақытгүл Хаменова сот үкімімен келіспейтінін, жоғарғы сотқа апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
"Бүгінде қарға қарғаның көзін шұқып жүрген жоқ. Соттың шешіміне қарай отырып, өңірдегі судьялардың дербес шешім шығаруда әділ үкім шығаруда ешқандай билігі жоқ екендігіне көзім жетті. Әуел баста екі адамның жалған сөзіне бола құрастырылған істің қанша ақиқат айтылса да, шындығы ашылса да бәрібір оны өңірдегі құқық қорғау органдарының естір құлағы, айтар ауызы болмады. Бұдан кейін олардан не үміт, не қайыр. Ендігі үміт тек Жоғарғы сотта. Менің еш кінәм жоқ. Ол Аллаға аян!", - деп пікір білдірді Бақытгүл Хаменова портал тілшісіне.
Еске сала кетсек, 2022 жылдың 15 қарашасында Бақытгүл Хаменова 7 жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ кәмелетке толмаған екі баласының болуына байланысты үкімнің орындалуы 3 жылға шегерілді. Сондай-ақ ол өмір бойына мемлекеттік лауазымда қызмет атқару құқығынан айырылды. Бұдан басқа, сот мемлекет басшысына оны "Құрмет" орденінен айыру туралы ұсыныс енгізді. Жазасын өтеу кезінде оның тергеу изоляторында отырған 11 айының әр тәулігі бір жарым тәулік деп есептелетін болады.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010231-7-zylga-bas-bostandygynan-aiyrylgan-baqytgul-xamenovaga-qatysty-sot-ukimi-ozgerissiz-qaldy-foto-video/