Қазақстандық кішкентай тележүргізуші қыз Лондондағы Димаштың жанкүйерлеріне қазақ тілін үйретті (видео)
Жарияланған күні:
"Балапан" телеарнасындағы "Мисс Кәусар" хабары арқылы танылған кішкентай тележүргізуші қыз Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігінде әнші Димаш Құдайбергеннің тыңдармандарына қазақ тілін үйретті. Сондай-ақ елшілікке жиналған фан клуб мүшелері өнер иесінің қазақ тіліндегі әндерін шырқаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы Кәусардың әкесі, белгілі журналист Ғалымжан Қараманұлы Instagram парақшасында жазды.
"Кәусар қызым ағылшындарға қазақ тілін үйретті. Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігіне Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері жиналып, өте мазмұнды кеш өтті. Фан клуб мүшелері Димаштың әндерін орындады. Ұлттық тағамдарымыздан дәм татты. Диерстар (dears - Димаштың жанкүйерлері - ред.) Қазақстанға қайырымдылыққа 1 млн теңге аударды", - деп жазды ол.
Журналистің айтуынша, бұл қаржыға балалар ауылының тәрбиеленушілері музыкалық аспаптар сатып алады.
Видеодан Димаштың жанкүйерлерінің Кәусарды қайталап, қазақ тілінде амандасуды, өзін таныстыруды үйреніп жатқанын байқауға болады. Сондай-ақ олар Димаштың "Махаббат бер маған" әнін айтқан.
Видеоны көрген желі қолданушылары кішкентай Кәусарға ризашылығын білдіруде.
"Жарайсың Кәусаржан. Осылай Димаш ағаң сияқты қазағымызды танытып жүре бер", " Үлкен кісілер балаша қуанып отыр, өмірге құштар жандар", - деп жазды олар.
Сондай-ақ бейнежазбаға іс-шараға қатысқан Димаштың жанкүйерлерінің бірі де пікір қалдырған.
"Керемет уақыт өткіздік. Елшілікке және талантты қызыңызға рақмет!", - дейді Лоанна есімді әйел.
Айта кетейік, Кәусар "Мисс Кәусар" хабарында қазақ балаларына ағылшын тілін үйретті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010354-qazaqstandyq-kiskentai-telezurgizusi-qyz-londondagy-dimastyn-zankuierlerine-qazaq-tilin-uiretti-video/