Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Уақытында көмек шақыра алмаған": Алматы облысының тұрғыны екі баласымен бірге өз үйінде тірідей жанып кетті

Опубликовано:

Өрт
Өрт сөндірушілер. Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы облысы Ұйғыр ауданы Кепебұлақ ауылында үйде шыққан өрттен 40 жастағы ер адам мен оның екі кішкентай ұлы тірідей жанып кетті. Оқиғаға қатысты облыстық ТЖД пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Оқиға баяндалған хаттың үзіндісін Facebook-те журналист Серік Әбікенұлы жариялады. Жазбаға сәйкес, тұрғындар өрт сөндірушілерді дер кезінде шақыра алмаған.

"Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Кепебұлақ ауылында жантүршігерлік қайғылы жағдай болды. Үйде шыққан өрттен әкесі мен кішкентей екі періште баласы тірідей жанып кетті. Тұрғындар уақытында көмек шақыра алмаған, өрт сөндірушілерге хабар бере алмаған. Неге дейсіз бе? Ауылда ұялы байланыс жоқ", - делінген журналисттің жазбасында.

Сондай-ақ онда ауыл тұрғындары ұялы байланыс мәселесін он жыл бойы көтеріп келе жатқаны айтылған.

Жантүршігерлік оқиғаның болғанын портал тілшісіне Алматы облыстық ТЖД өкілі Гүлмира Әбілқасымова растады. Өрт туралы хабарлама кезекші пультке 24 ақпан сағат 18:28-де келіп түскен.

"Алматы облысы ТЖД кезекші бөлім пультіне 24 ақпан сағат 18:28-де Ұйғыр ауданы Кепебұлақ ауылы Сағабай көшесі бойында жеке тұрғын үйдің аумағында орналасқан көлемі 72 шаршы метр уақытша тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу ТЖ департаментінің қызметкерлері барды. Ауыл мен оған ең жақын орналасқан Шонжыдағы 6 өрт сөндіру бөлімінің ара қашықтығы - 100 километр. Келгеннен кейін өрт орнында 1983 жылы туған үй иесінің және оның 2017 және 2019 жылы туған екі ұлының денесі табылды", - дейді облыстық ТЖД өкілі.

Ведомство мәліметінше, қызыл жалын өрт сөндіру бөлімі келгенге дейін сөндірілген. Қазір өрттің себебі анықталуда.

"Өрттің себебін анықтау үшін Алматы облысы ТЖД зерттеу өрт сынақ зертханасы мен анықтау қызметкерлері жіберілді. Осы жеке тұрғын үйге 2022 жылғы 23 ақпанда профилактикалық тексеру жүргізілген. Көміртегі тотығы датчигі орнатылмаған. Бұл отбасы халықтың әлеуметтік осал топтарының тізімінде тұрмайды. Оқиға орнында ТЖД-ның үш қызметкері және бір бірлік техникасы, өртке қарсы құралымдардан үш адам және бір техника, жедел медициналық жәрдем бригадасынан 4 қызметкер және 2 бірлік техника, аудандық полиция бөлімінің бір қызметкері болды", - делінген ТЖД мәліметінде.

Сонымен қатар ұялы байланыс мәселесі бойынша портал тілшісі Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласты. Облыстық әкімдік өкілінің сөзінше, бұл мәселеге қатысты нақты жауапты Цифрлық даму министрлігі беруге тиіс. KAZ.NUR.KZ министрліктің жауабын күтуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2010933-uaqytynda-komek-saqyra-almagan-almaty-oblysynyn-turgyny-eki-balasymen-birge-oz-uiinde-tiridei-zanyp-ketti/