Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда Түркиядан оралған құтқарушылар мен қызметтік иттер марапатталды (фото)

Жарияланған күні:

Алматыда Түркия жер сілкінісі салдарын жоюға атсалысқан құтқарушыларды марапаттау сәті
Марапат алған құтқарушылар. Фото: gov.kz

3 наурыз күні Алматыда Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Түркиядағы жер сілкінісі салдарын жою жұмысына қатысқан қазақстандық құтқарушыларды марапаттады, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтында.

Марапаттау рәсімі республикалық жедел-құтқару жасағының базасында өтті. 60-тан астам қызметкерге мемлекеттік және ведомстволық наградалар, медальдар мен төсбелгілер, сондай-ақ президенттің Алғыс хаттары табыс етілді.

Төтенше жағдайлар министрлігі қазақстандық құтқарушылардың Түркияға көмек көрсетуі бірінші рет емес екенін еске салды. ТЖМ өкілдері 1999 жылы жедел-құтқару тобы мен апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері Дегирмендер қаласында көмек көрсеткенін, адамдарды үйінділер астынан шығарып, азық-түлік пен дәрі-дәрмек апарғанын атап өтті.

Төтенше жағдайлар министрі Ю. Ильин құтқарушыны марапаттап жатыр
Төтенше жағдайлар министрі Ю. Ильин құтқарушыны марапаттап жатыр. Фото: gov.kz

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Республикалық жедел-құтқару жасағы жеке құрамының алдында сөйлеген сөзінде оларды Түркия азаматтары ғана емес, отандастарымыз да мақтан тұтып, қызметтерін жоғары бағалағанын жеткізді.

"Сіздер мемлекет басшысы алдымызға қойған тапсырманы абыроймен орындадыңыздар. Азаматтарымыздың бұл бағасы бүгінгі күні қызметкерлерге мемлекеттік награда түрінде берілуде, барлық қызметкер ведомстволық наградалармен марапатталады. Бейбіт уақытта да ерлік жасалады, ал сіздер бұл ерлікті күн сайын адам өмірін құтқару кезінде жасайсыздар. ТЖМ бөлімшелеріміздің негізгі міндеті мұқтаж жандарға уақытында көмекке келу. Осы міндетті абыроймен атқарып жүрген сіздерге тағы да үлкен рахмет. Мен бүгін бізбен бірге жұмыс істеп жатқан ардагерлерімізге де алғыс айтамын, олар әрқашан сіздерге бағыт беріп келеді", - деді Юрий Ильин.

Министр Түркиядағы Республикалық жедел-құтқару жасағы құтқарушыларының, Апаттар медицинасы орталығы медицина қызметкерлерінің жедел және үйлесімді жұмысын атап өтіп, Түркияда олар құтқарушыларды одан әрі даярлауда ескерілетін орасан зор тәжірибе алғанын атап өтті.

Қазақстандық құтқарушы құтқару құралдарын көрсетуде
Қазақстандық құтқарушы құтқару құралдарын көрсетуде. Фото: gov.kz

Сонымен қатар Қазақстан президентінің алғыс хаттары, сондай-ақ ведомстволық наградалар-медальдар мен төсбелгілер Түркиядағы жер сілкінісі салдарын жоюға қатысқан барлық құтқарушыға табыс етілді. Құтқарушы иттер де назардан тыс қалған жоқ. Олардың құтқару операциясына қосқан үлесі де маңызды болғаны айтылды.

Марапатталған құтқарушылар
Алматыда марапатталған құтқарушылар. Фото: gov.kz

"Түркияда құтқарушылар үйінді астынан 7 адамды құтқарып, 88 адамның денесін шығарды. Олар күн сайын тәулігіне 16 сағаттан жұмыс істеді. Қазақстанда білім алуға және тәжірибе жинауға дайын түрік әріптестері олардың жұмысына тәнті болды",- деп жазылған ресми сайтта.

Еске сала кетейік, 6 ақпан күні болған Түркия мен Сирияда болған жойқын жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 50 мыңнан асты.

Ал 24 ақпан күні кешке Түркияның орталық аймақтарында 4 балдан жоғары тағы екі жер сілкінісі тіркелді.

Осыған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия мен Сириядағы төтенше жағдай кезінде құтқару жұмыстарына қатысып, көрсеткен ерлігі үшін құтқарушыларды арнайы орден және медальмен марапаттады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2011738-almatyda-turkiyadan-oralgan-qutqarusylar-men-qyzmettik-itter-marapattaldy/