Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Нағыз батыр": Ағысқа қарсы жүзіп, ауылына жарық беруге көмектескен ақтөбелік азамат алғысқа бөленді (видео)

Опубликовано:

Ақтөбе облысының тұрғыны
Сейсенбай Тілегенов. Фото: Жеке мұрағатынан

Ақтөбе облысы Ойыл ауданының халқын су тасқыны әбігерге салды. Аудандағы Қайыңды (бұрынғы атауы - Амангелді) ауылдық округінде жолды су шайып, қатты ағыспен келген мұз электр бағаналарын құлатқан. Ауыл бір тәуліктен аса жарықсыз отырған. Үзілген желіні жалғауға электрик мамандарға ауыл азаматы көмектескен, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қатты ағысқа қарамай, қайығымен өзеннің арғы бетіне жүзіп өтіп, 300 метрлік электр сымын тартуға қолғабыс еткен азаматтардың бірі - Сейсенбай Тілегенов. 38 жастағы ауыл тұрғынының мұзды, қатты ағысқа қайықпен шыққан сәтінен видео желіде тарап кетті.

"Ойыл ауданы Амангелді ауылында кеше түнде жарық сөнді. Электр бағанасы құлап, ауданнан үш адам (электриктер - ред.) келді, құралдары жоқ екен. Ауыл азаматтары өз күштерімен, солардың ішінде Сейсенбай басын қатерге тігіп, алты сағат жүріп, ауылға жарық берілді", - дейді бейнежазба авторы.

Сейсенбай Тілегенов бұл қадамға шарасыздықтан барғанын айтады.

"Тәуекелге баруға тура келді. Ауыл жарықсыз қалды. Теледидар, мұздатқыш істемейді. Жолымызды су шайып кетті. Ауылдағы ағайынның азғантай азық-түлігі бұзылып кетсе оңай болмайтыны белгілі. Ағыстың үстімен жүруге тура келді. Бірінші жіп, кейін арқан тартып, электр сымын өткіздік. Ағыстың үстінде бірінші рет шығуым. Оңай болған жоқ. Қолымнан келгенше тырыстым. Судың тартылғанын, әрі қарай жердің кепкенін күтіп, бармасақ он шақты күн жарықсыз қалар едік", - дейді Сейсенбай Тілегенов.

Сейсенбай Тілегенов - үш баланың әкесі. Ауылдастары оның ағыстың үстімен алты рет жүзіп өткенін айтады.

Қайыңды тұрғындары
Қайыңдыда үзілген электр сымын жалғаған азаматтар. Фото: Сейсенбай Тілегеновтың жеке мұрағатынан

"Қатқан мұз ағыспен бірге бағананы құлатып кеткен. Сейсенбай құрдасым жалғыз өзі ағыспен өтті. Жағада арқанды тартуға көмектестік. Таңертеңнен кешке дейін жүріп, жарықты жалғадық", - дейді Абат есімді ауылдасы.

Бір тәуліктен аса жарықсыз отырған ауыл балалары жерлес ағаларына көшеде алғыс айтты.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2012994-nagyz-batyr-agysqa-qarsy-zuzip-auylyna-zaryq-beruge-komektesken-aqtobelik-azamat-algysqa-bolendi-video/

pixel