Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мемлекеттің 550 млн теңгесі жымқырылған": Таразда Жигули Дайрабаевтың ұлдарына сот үкімі шықты

Жарияланған күні:

Жигули Дайрабаев
Жигули Дайрабаев. Фото: atameken.kz

Таразда мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың ұлдарына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы Жамбыл облыстық сотының Facebook желісіндегі ресми парақшасында хабарланды.

Тараз қаласының №2 сотында алаяқтық, яғни адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену (ҚК 190-б. 4-б. 2т.) бойынша айыпталған 4 тұлғаға (Ерлан Құлкеев, кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық. Соңғы екеуі мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың ұлдары) қатысты қылмыстық іс қаралған.

Сотта Ерлан Құлкеев "Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы" ММ басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары бола отырып, сондай-ақ үш кәсіпкер субсидиялау қағидаларын бұза отырып, сатып алынған "Альбион" құлпынай көшеттері үшін (оларды шаруа қожалықтарына рәсімдеп) мемлекеттік субсидиялар алған.

Бұл ретте, қаржының бір бөлігі алаяқтық жолмен жымқырылып, жеке қажеттіліктеріне жұмсалған, осылайша мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде залал келген.

Сотта айыпталушылардың кінәсі жиналған дәлелдемелермен, яғни куәлердің айғақтары, бейнежазбалар, сарапшылардың қорытындылары, заттай дәлелдемелермен дәлелденген.

Сот үкімімен Ерлан Құлкеев кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұдан бөлек оған өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынған.

Елжан Елібай кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айырыла отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар оның мүлкі тәркіленетін болады.

Дидар Молдақалық пен Марат Дайрабаев кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айырыла отырып, шартты түрде 5 жылға сотталған. Сотталушыларға пробациялық бақылау қойылған. Сондай-ақ олардың да мүлкі тәркіленетін болады.

Әзірге сот үкімі заңды күшіне енбеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2015863-memlekettin-550-mln-tengesi-zymqyrylgan-tarazda-ziguli-dairabaevtyn-uldary-sottaldy/