Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңаөзендегі жарылыстан қираған үйдің биіктен түсірілген видеосы жарияланды

Опубликовано:

Жаңаөзенде қираған үй
Жаңаөзенде қираған үй. Видеодан кадр: Іnstagram.com/mangystaumedia.kz

Жаңаөзенде жарылыстан қираған екі қабатты үйдің биіктен түсірілген видеосы тарады. Бейнежазба жергілікті "Mangystau Media" басылымының Instagram желісіндегі парақшасында жарияланған.

Сондай-ақ облыс әкімдігі төтенше жағдайдың салдарын көрсетті. Жарияланған кадрлардан Жаңаөзендегі жарылыс нәтижесінде 12 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйдің кіреберісі опырылып түскенін көруге болады.

Маңғыстау облысының прокуратурасы Lada.kz сайтына Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі "2 және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Төтенше жағдайлар департаменті мен облыстық ПД бірлескен бұйрығымен процессуалдық прокурорлар тобы анықталып, тәжірибелі қызметкерлерден тұратын ведомствоаралық тергеу-жедел тобы құрылды.

"Сотқа дейінгі тергеу облыс прокуратурасының бақылауында, тергеу амалдары жалғасуда", – деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетсек, 17 сәуір күні таңғы сағат 04:05-те Жаңаөзен қаласында 12-пәтерлі 2 қабатты тұрғын үйдің екінші кіреберісінде жарылыс болған. Болжам бойынша газ қоспасы төгілген. Жарылыс салдарынан 150 шаршы метр аумаққа зиян келген.

Сағат 10:45 жағдай бойынша 13 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның ішінде 8 бала бар. Зардап шеккен 6 адам ауруханаға жатқызылса, 7 азамат үйіне жіберілген.

Сондай-ақ газ жарылысы салдарынан 4 адам қайтыс болған.

Жарылыс кезінде алдын ала мәлімет бойынша 3 пәтерге зиян келген. Апаттан кейін үй газ желісінен бірден ажыратылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2017089-zanaozendegi-zarylystan-qiragan-uidin-biikten-tusirilgen-videosy-zariyalandy/