"Вагнер" ЖӘК құрамына кірген қазақстандық елде әскери қызметке жарамсыз болған
Жарияланған күні:
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Қарулы күштерінің өкілдерінен қазақстандықтың Ресейдегі "Вагнер" ЖӘК қатарына өтуіне қатысты пікір білдіруін сұрады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Бұл азаматқа келсек, ол Қазақстан Республикасы Қарулы күштері қатарына алынуға жарамсыз болған. Негізгі мәліметтерге келсек, бұл мәселемен айналысатын басқа да органдар бар және олар бұл азаматтың әрекетіне құқықтық баға береді – Қорғаныс министрлігі деп ойлаймын", – деді Қазақстан Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары Қаныш Әбубәкіров.
Еске салайық, қазақстандықтың ресейлік "Вагнер" жеке әскери компаниясының қатарына кіруі туралы ақпаратқа Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі түсініктеме берген болатын. Олар азаматтың келісімшартқа өз еркімен қол қойғанын хабарлады.
Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі Қазақстанға оралған бойда жас жігіттің қылмыстық қудалауға ұшырайтынын хабарлады. Ол 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2018182-vagner-zak-quramyna-qabyldangan-qazaqstandyq-elde-askeri-qyzmetke-zaramsyz-bolgan/