Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақшасы қайда?": Ералы Тоғжанов Кеңқияқтағы мұнай компанияларына ескерту жасады (видео)

Жарияланған күні:

мұнай-газ компаниясы
Кеңқияқтағы мұнай өндірісі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Темір ауданы Кеңқияқ ауылын аралады. Мұнайлы өлкедегі өндіріс орнында болған әкім ондағы экологиялық жағдай бойынша ескерту жасап, ауылға көмектеспейтін мұнай компанияларын сынады. Себебі Қытайға тікелей жерасты мұнай құбыры тартылған ауылда жол жоқ. Әлеуметтік нысандар апаттық жағдайда тұр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Өңір басшысының жұмыс сапары өндіріс орындарынан басталды. Әкім "ҚМК Мұнай" компаниясының жаңа жатақханасымен танысты.

"Мені осындағы қызметкерлердің жағдайы алаңдатады. Жатақханада жайлы жағдай жасалуы керек. Неге мына жерде қазақ тілінде ақпарат жоқ? Көрсетіп тұрған жобаларың орыс тілінде және қытай тілінде жазылған. Қазақшасы қайда?", - деді Ералы Тоғжанов жаңа жатақхананың техникалық құжатымен танысу барысында.

Облыс әкімі компания басшыларына қызметкерлерге жағдай жасауды, жалақы көтеруді тапсырды.

Айта кетейік, кәсіпорын 2004 жылдан бастап Темір және Мұғалжар аудандарында бұрғылау жұмыстарын жүргізеді. Жобаның қуаттылығы жылына 410 мың тонна мұнайды құрайды. Өнімдер ішкі нарықтан бөлек Еуропа, Қытайға экспортталады. Онда еңбек етіп жүрген 280 қызметкердің 30 пайызы жергілікті тұрғындар.

Сонымен қатар Ералы Тоғжанов Кеңқияқ мұнай-газ өңдеу басқармасына барып, қызметкерлердің қауіпсіздігіне назар аудару мәселесін көтерді. Онда 728 қызметкер бар. Оның 671-і Темір ауданының тұрғыны.

"Бұрғылау жұмыстары жүріп жатқан жерлердің жағдайын көрдік. Бейберекетсіздік бар. Барлық мемлекеттік органға тапсырма беремін, толық тексеріс керек", - деді облыс басшысы.

Әрі қарай өңір басшысы ауыл халқымен кездесіп, жергілікті тұрғындарды мазалаған сұрақтарға жауап берді. Жарысып сөз алған Кеңқияқ халқы жол мәселесін, көшенің жарықтандырылмағанын, ауылда медициналық мамандардың тапшылығын, ауызсу және қаңғыбас иттер мәселесін көтерді.

"Ауылдағы екі спорт зал апаттық жағдайда тұр. Оған ешкім қарамайды. Ауыл жастарының баратын жері ғой. Соны жөндеп берсеңіз", - деді Серікқалы есімді ауыл тұрғыны.

"СНПС-Ақтөбемұнай газ" секілді алпауыт мұнай компаниясы бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатқан ауыл расында да тозып тұр.

"Кеңқияққа арнайы келдім. 7 мыңға жуық халқы бар ауылда мәселе бар екені белгілі. Бірге қарастырайық. Шешілмейтін мәселе жоқ. "Ауыл аманаты" секілді ауылды сақтап қалуға бағытталған жобаны нақты іспен жүзеге асыру керек. Кеңқияқтың әлеуметтік-экономикалық жоспары жасалмаған. Тағы келемін. Көтерілген сұрақ шешімі қарастырылады.

Кеңқияққа қатысты жол картасын жасау керек. Ауыл әкімінің, аудан әкімінің жұмысы төмен деңгейде. Бұл кісілерге қатысты шешім қабылдаймыз. Бірде бір әкім орынсыз жазаға тартылмайды. Тексеріледі. Ауыл тұрғындары мал бағып, көкөніс өсіремін десе қолдаймын. Еңбек ету керек. Мен сіздерге жағдай жасауға міндеттімін. "Ауыл аманаты" жобасымен жағдай жасалады. Мүмкіндікті пайдалану керек. Бәрі өз қолдарыңызда", - деді Ақтөбе облысының әкімі.

Айта кетейік, Кеңқияқ - Құмкөл мұнай құбыры Қазақстанның Ақтөбе, Қызылорда және Қарағанды секілді үш облысының аумағынан өтеді. Осындай мұнайлы өлкеде жол салу жұмыстарының өзі мәселеге айналып тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2019221-qazaqsasy-qaida-eraly-togzanov-kenqiyaqtagy-munai-kompaniyalaryna-eskertu-zasady-video/