Алматы облысында 7 нәрестені жолда босандырған жас фельдшердің несие алып салған үйі өртеніп кетті
Жарияланған күні:
Алматы облысы Боралдай кентіндегі жедел медициналық жәрдем подстанциясының фельдшері Дархан Бақыткелді жақында тілсіз жаудың кесірінен баспанасыз қалды. 2019 жылдан бері 7 нәрестені жолда босандырып алған тәжірибелі медицина қызметкері өртенген үйін қалпына келтіруге елден көмек сұрайды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Талғар ауданы Еңбекші ауылында тұратын жас отбасы үйіне былтыр қазан айында ғана кірген.
"Жас отбасымыз. Талғар ауданы Еңбекші ауылында тұрамыз. Үйіміз сәуірдің 26-нен 27-іне қараған түні өртенді, ол күні мен жұмыста болдым. Ал әйелім мен балам туыстарымыздың үйіне қыдырып кеткен еді. Үйді кішігірім, 50 шаршы метр етіп, шамамыз жеткенше салған едік. Түнгі сағат бірде өртеніп кетіп отыр. Тоқтың қысқа тұйықталуынан болған ғой, жуынатын бөлмедегі бойлерден басталған", - дейді ол.
Дархан үйді салар кезде банктен 5 млн теңге көлемінде несие алғанын айтады.
"Ол ақша, білесіз ғой, жетпейді. Айлықты қосып, жиған-тергенімізбен салып едік. Былтыр жазда бастап, қазан айында бітіріп, кірдік. Жеті ай ғана тұрдық", - дейді фельдшер жігіт.
Дархан 2020 жылы отбасын құрған, қазір келіншегі баламен үйде отыр.
Бір баланың әкесі Талғар ауданынан Боралдайға қатынап жұмыс істейді. Фельдшерлік тәжірибесінде жедел медициналық жәрдем көлігінде жеті бірдей нәрестенің дүние есігін ашуға көмектескен.
"Соңғы нәрестені 22 сәуірде босандырдым. Боралдайдан аудан орталығы Өтеген батыр кентіндегі перзентханаға апара жатып, жол кептелісінде тұрған сәтте босандырып алуға тура келді. Ұл бала дүниеге келді, салмағы - 3,6 кг, бойы - 54 см болды. Босану процесі қиын өтті, себебі, баланың кіндігі мойнына оратылып шықты. Бірақ дер кезінде босандырып алғанымыз жақсы болды", - дейді ол.
Қазір фельдшердің отбасы әр жерде тұруға мәжбүр.
"Әйелімді баламмен бірге төркініне жібердім. Өзім әзірге туыстарымның үйінде жүрмін. Жалдайтын пәтер іздеп жатырмын", - дейді Дархан.
Айтуынша, өртенген үйді қалпына келтіруге болады, бірақ ыстың иісі сіңіп қалған.
Жас отбасына қаржылай көмек беруге ниет білдірушілер үшін төменде Дархан Бақыткелдінің реквизиттері берілген.
Реквизиттер:
Kaspi Gold:
8 707 419 90 10
AO Kaspi Bank
БИК CASPKZKZ
KZ22722C000020062659
Бақыткелді Дархан Бақыткелдіұлы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2019321-almaty-oblysynda-7-naresteni-zolda-bosandyrgan-zas-feldserdin-kredit-alyp-salgan-uii-ortenip-ketti/