Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Екі жоғары білімі бар ақтөбелік жігіт қарбыз егіп, бір жылда миллионер атанды

Жарияланған күні:

Жәнібек Елтезеров
Жәнібек Елтезеров. Фото: KAZ.NUR.KZ

36 жастағы ақтөбелік азамат қарбыз егіп, бір жылда 25 млн теңге табыс тапты. Бес баланың әкесі биыл егістік көлемін үш есеге үлкейту жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жәнібек Елтезеров Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық ауылының тумасы. Үш жылдан бері жер жыртып, бау-бақшамен айналысады. Осыған дейін темір жол саласында машинист болып еңбек еткен азамат диханшылықты картоп егуден бастаған.

"Ауылда тұрған соң картоп егуді қолға алдым. Жақсы өнім берді. Келесі жылы аумағын үлкейтіп, сегіз гектар жерге қарбыз ектім. Биыл оны үш есеге көбейттім. Пайда бар. Өткен жылы осы қарбыздың өзінен 25 млн теңге табыс таптым. 10 млн теңгені өсіруге салдым. Жаман емес. Еңбек етсең, несібеңді аласың. Өзімнің екі дипломым бар. Осыған дейін теміржолшы болып еңбек еттім. Машинист мамандығымен тепловоз жүргіздім. Қазір шаруашылықты таңдадым", - дейді Шұбарқұдық ауылының тұрғыны.

Ісі өрге басқан көпбалалы әке кәсіби бағбанға айналып отыр. Тәжірибелі шаруалардан жер баптаудың қыр-сырын үйреніп, қарбыздың ерте пісетін сұрпын да зерттеп үлгерген. Қазір пленка астына дақыл салып, өнімін нарыққа ерте шығаруды жоспарлап отыр.

"Барлық жұмысты өзім атқарамын. Тұрақты жұмысшы жоқ. Тек маусым кезінде көмекші аламын. Басқалардың бақшасы піскенін қарап отырғаннан өзің еккен дәмдірек. Одан пайда тауып отырсаң жақсы емес пе?! Жер бар, су бар. Басқаға тәуелді қылмай жерлестерімді қарбызға тойдырамын. Биыл ең кемі 700-800 тонна қарбыз аламын деген жоспар бар. Қарбыздан бөлек басқа да көкөністер ектім", - дейді ауыл тұрғыны.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов пен Жәнібек Елтезеров
Ералы Тоғжанов Жәнібек Елтезеровтың қарбыз егістігінде. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ауыл шаруашылығы саласында ісін дамытуды көздеген азамат ауданға келген облыс әкімінен қолдау сұрады. Егу жұмыстарын ерте бастау үшін өзіне жылыжай керек екен.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов "Ауыл аманаты" жобасымен 2,5 пайызбен несие алуға жағдай жасайтынын айтты. Сонымен қатар, алған өнімін облыс орталығындағы коммунальдық дүкенде сату үшін ақысыз орын алып беруге уәде етті.

Шаруаның егістік алқабында жерге асқабақтың дәнін салған облыс басшысы ауыл тұрғынына сәттілік тіледі.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2019518-eki-zogary-bilimi-bar-aqtobelik-zigit-qarbyz-egip-bir-zylda-millioner-atandy/