Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Адамды айналма, тізеңді құшақтама": халық арасында кеңінен тараған ырым-тыйымдардың мәні қандай

Опубликовано:

Наурыз
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Ырым-тыйым – халықтың тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, ақыл-кеңес берудегі тәрбие құралдарының бірі. Көбінесе бұл балаларды жаман әдеттен, жат пиғыл, ерсі қылық, әдепсіз істерден сақтандыруда маңызды қызмет атқарады. Кейде үлкен кісілерден "олай істеме, жаман болады" деп айтқанын естіп жатамыз. Осы ретте, Turkistan басылымы халық арасында кең таралған тыйым сөздердің астарын іздеп көрді.

"Тізеңді құшақтама"

Пенденің басынан не өтпейді дейсіз. Қазақтар әртүрлі себептермен отбасынан, үй-жайынан не жанашыр жақындарынан айырылған адамды: "Байқұс-ай, қу тізесін құшақтап қалды-ау!" – деп аяп жатады. Сүйенер-сүйенішінен, көңіл жұбатарынан жұрдай болмасын, басына қасірет бұлты төнбесін деп тізе құшақтауды жамандық белгісіндей көріп, оған тыйым салған.  Сондай-ақ тізе құшақтап бүрісіп отыру көрер көзге сүйкімсіз көрініс қой.

"Дастарқанды баспа", "дастарқаннан аттама", "дастарқанды теріс жайма", "дастарқанды кеспе, қима"

Ертеде дастарқанды тығыздау тоқылған матадан жасаған. Көп кісіге арналған қонақтық дастарқанды кең-мол пішіп, жиектерін сәндеп, ал күнделікті пайдалануға шағындау етіп матадан, кейде астарлап та тіккен. Дастарқан – қазақтың кір жуытпай таза ұстайтын қадірлі дүниесі. Дастарқанға күніне бірнеше рет бата жасалып, дәм-тұз, ас қойылады. Бір үйдің бір дастарқаны қаншама адамға жайылып, қаншама адамның басын біріктіреді. Олардың ықылас-пейілі, әдемі әңгімесі, сүйкімді әзіл-қалжыңы, мағыналы сұхбаттарына куә болып, жағымды жақсы энергияны сіңіретін осы – дастарқан. Сол үшін де қасиетті саналады.

Ауызекі тілде "дастарқандас болдық" дейтін сөз бар. Бір рет дастарқандас болып, бірге дәм татысқан адамдар келесі кездескенде ашық-жарқын сәлемдесіп, бір-біріне ілтипат білдіріп жатады. Кейде сол бір жолғы дастарқандас болған адамдар ары қарай араласып, достасып та кетеді. Дастарқанның киесі, қасиеті адамдардың басын біріктіре алатын, ынтымағын күшейтетін тылсым күшке толы. Мұны өзіміз жете аңғара бермейміз. Қазақ дастарқанды баспайды, дастарқаннан аттамайды, қажет жағдайда шетін қайырып өтеді. Халқымыз дастарқансыз ас ішпеген. Жолаушының өзі жолда тамақтанғанда жаятын бір шаршы орамалды ала жүреді. Кез келген жерде түрегеп тұрып тамақ жеу орыста болмаса, қазақта бүрын мүлде кездеспеген әдет екен. Сол секілді дастарқан үстінде бейпіл сөз айту, біреуді жамандау, ұрыс-керіс шығару үлкен күнә болып саналған. Дастарқанға қол жумай отырмайды әрі бата жасалмай тұрып, ешкім дәмге қол созбаған.

"Адамды  айналма"

Ертеде науқас, әл үстінде жатқан жалғыз ұлын ажалға қия алмаған байқұс ана Жаратқанға жалбарынып: «Я, Алла, баламның орнына менің жанымды ал, мен құрбандық, мен құрбандық!» – деп шырылдап ауру перзентін айнала беріпті, айнала беріпті. Ақыры ана жан үзіп, жігіт аман қалған екен дейтін аңыз бар. «Адамды айналса, сол кісіге садақа болады, егер абайламай айналып өтсе, жаңағы жүрген жолымен қайта қайту керек» деген тыйым айтылған.

"Қолыңды төбеңе қойма"

Айналасынан зәбір көріп, тұрақтайтын тиянақ таба алмай, жанашыр жанға зар болған адам ел-жұртынан безіп кетуге бел буғанда қолын төбесіне қойған. «Енді сендерді желкемнің шұңқыры көрсін, көз жетпес жаққа жоғалам», – деп артына бұрылмай кетеді. Ол сол кеткеннен қайтып оралмайды. Мұндай ауыр тәуекел, тосын шешім жасайтындар сирек болса да ел ішінде кездескен. Мысалы, тарихта болған оқиға – Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» дастанындағы Қалқаман өзін өлімге қиып, оққа байлаған ел-жұртынан осылайша кетіпті, яғни қолын төбесіне қойып артына қайырылмай жөнеліпті. Қайтып өз елі Тобықты ішіне қайтпаған.

"Қолыңды төбеңе қойма" деген – тіршіліктен түңілу, дүниеден баз кешу, ел-жұртынан, кіндік қаны тамған туған жерден айырылу секілді қасіретті жағдай кімнің де болса басына түспесін. Жаманың аулақ болсын дейтін тілектен шыққан тыйым.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2019676-adamdy-ainalma-tizendi-qusaqtama-xalyq-arasynda-keninen-taragan-yrym-tyiymdardyn-mani-qandai/

pixel