Ақмола облысында зергерлік дүкеннен 180 млн теңгенің бұйымы ұрланған (видео)
Жарияланған күні:
Ақмола облысы Степнагорск қаласының тәртіп сақшылары зергерлік дүкенді тонады деген күдікпен екі ер адамды ұстады, деп хабарлайды Қазақстан ІІМ жаңалықтары Telegram-дағы ресми арнасында.
Ведомство мәліметінше, Степногорскте 1 мамыр күні белгісіз біреулер жертөле арқылы дүкенге кіріп, 180 млн теңгеден астам сомаға зергерлік бұйымдарды ұрлап кеткен.
Осы дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Дереу бірнеше жедел топ құрылып, Ақмола және көрші өңірлердің аумағында бірқатар жедел іздестіру іс-шарасы жүргізілді.
"Нәтижесінде елордада екі күдікті ұсталды. Олар 1977 және 1988 жылы туған Астана қаласының тұрғындары. Заттай дәлелдемелер, ұялы телефондар, байланыс құралдары және ұсталғандар мініп жүрген көлік тәркіленді", - делінген хабарламада.
ІІМ өкілдері қылмыстық істі тергеу жалғасып жатқанын және күдіктілер қамауға алынғанын хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2019958-aqmola-oblysynda-zergerlik-dukennen-180-mln-tengenin-buiymy-urlangan-video/