Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Күдебаев Қазақстаннан қалай қашып үлгерді: Ішкі істер министрлігі жауап берді

Опубликовано:

Серік Күдебаев сот отырысында
Серік Күдебаев. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

ОКҚ өткен брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев қаңтар оқиғасы бойынша сотталған Серік Күдебаевтың Қазақстаннан қалай қашып үлгергені туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Генерал Күдебаев қамауда болған жоқ, бұл іс бойынша бұлтартпау шарасына полиция жауапты емес. Оған басқа бұлтартпау шарасы таңдалды. (...) Тағы да қайталаймын, генерал Күдебаев қамауда болған жоқ", - деді ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев.

Оның айтуынша, Қазақстандағы қамаудан қашу деректеріне байланысты бейнебақылаудың арқасында осындай 11 фактіге тосқауыл қойылған.

"Биыл елімізде қамау мекемелерінен қашу бойынша үш факті тіркелді, үшеуі де бірінші тәулікте дерлік әшкереленді. Ал қашып кеткендер қамау мекемелеріне қайтарылды", - деп қосты министрдің орынбасары.

Серік Күдебаевтың ісі

Еске сала кетсек, Серік Күдебаев 2022 жылы сәуір айының соңында қызметінен босатылып, мамыр айының ортасында қаңтар оқиғасы бойынша күдікке ілінген еді. Биыл қаңтар айының басында оған қатысты сот отырысы басталды.

Сот отырысында ол өзінің кінәсіз екенін айтып, өзіне қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұрады. Генерал-майорға Қылмыстық кодекстің 362-бабы ("Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану") және 146-бабы ("Азаптау") бойынша айып тағылған.

Сотта прокурор Күдебаев жауапты тұлға бола тұра, қаңтар оқиғасы кезінде шабуылды тойтару және аймақтағы жағдайды тұрақтандыру шараларын қабылдамағанын атап өтті.

Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушы генерал-майорды 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Наурыз айында Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы оның ауруханаға жатқызылуына байланысты кейінге шегерілді.

Кейін генерал-майор сот отырысына тағы да келмей қалған соң, прокурор оған қатысты қылмыстық істі тоқтата тұрып, Күдебаевқа халықаралық іздеу жариялауды сұрады. Судья қолда бар ақпаратқа сүйеніп, Серік Күдебаев 23 наурызда Қырғызстанның мемлекеттік шекарасынан өтіп, сол күні "Манас" әуежайынан Түркияның Стамбұл қаласына ұшып кеткенін мәлім етті.

Ал Қазақстанның Шекара қызметі генералдың мемлекеттік шекараны ресми өткізу пункттері арқылы кесіп өтпегенін хабарлады.

Кейінірек Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев Серік Күдебаевтың Қырғызстан шекарасын кесіп өтіп, Түркияға ұшып кеткенін растап, Түркия тарапымен тиісті жұмыстар басталғанын мәлім етті.

Сондай-ақ Күдебаевтың елден қашып кетуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды.

27 сәуірде генерал-майор Серік Күдебаев ұсталып, елге жеткізілді.

Ал 28 сәуірде сот үкімімен Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған құқық қорғау және мемлекеттік органдарда қандай да бір лауазым иеленуге 10 жылға тыйым салынды.

Бұдан бөлек, сот оны полиция генерал-майоры арнайы атағынан айырып, сонымен қатар президент атына Серік Күдебаевты мемлекеттік наградаларынан ("Даңқ" және II дәрежелі "Айбын") айыру туралы ұсыныс енгізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2019982-nelikten-kudebaev-qazaqstannan-qasyp-ulgerdi-iski-ister-ministrligi-zauap-berdi/

pixel