Зектілері

"475 көлікті заңсыз тіркеді": Антикор Астанадағы арнайы ХҚКО ісі бойынша тергеуді аяқтады

Жарияланған күні:

Қылмыстық іс бойынша құжаттар бумасы
Қылмыстық іс бойынша құжаттар бумасы. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Астанада Антикор арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарына қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Telegram-дағы ресми арнасына cілтеме жасап.

Агенттік мәліметінше, антикоррупциялық қызмет Астана қаласы бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ мамандандырылған бөлімінің қызметкерлері мен азаматтық тұлғалар қатарынан ұйымдастырылған топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

Қылмыстық іс "Web-Модуль" және "ИИС ЦОН" ақпараттық жүйелерінде көлік құралдары туралы мәліметтерді заңсыз енгізу және жою, мәмілелердің жазбаша нысандарын қолдан жасау фактілері бойынша тергелді.

"Қылмыстық топ 2022 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында заңнамада қарастырылған алымдар мен төлемдерді төлеместен шетелден әкелінген 475 автокөлікті заңсыз тіркеді. Осыған байланысты мемлекетке 1,4 млрд теңге көлемінде аса ірі көлемде залал келтірілді", - дейді ведомство өкілдері.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет дерегінше, барлығы 30 адам қылмыс жасады деп күдіктелуде. Олардың қатарында Астана қаласы бойынша №2 Арнаулы Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы, 4 полиция қызметкері мен автокөліктерді заңсыз рәсімдеу бойынша өз қызметтерін ұсынған делдалдар бар.

Антикор қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатқанын хабарлады.

Сонымен қатар ведомство Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, адам заңды күшіне енген сот үкімімен қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп танылмайынша, ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептелетінін атап өтті.

"Антикоррупциялық қызмет азаматтарды көліктерді тіркеу кезінде делдалдардың қызметіне жүгінбеуге шақырады", - делінген хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2020560-475-kolikti-zansyz-tirkedi-antikor-astanadagy-arnaiy-xqko-isi-boiynsa-tergeudi-ayaqtady/