"Біздің бәрімізді жақсылыққа жеткізген ана": Ақұштап Бақтыгереева аналарға ескерткіш орнатуды ұсынды
Жарияланған күні:

Оралдағы "Атамекен" өнер орталығында Халықаралық отбасы күніне орай "Еңбегі жанған арулар" атты облыстық іскер әйелдер форумы өтті. Форумда белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева Орал қаласында Анаға тағзым ескерткішін орнатуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгерееваның сөзінше, ананы сыйлау қашан да бірінші орында тұруы керек. Себебі жалпы әйелдің, оның ішінде қазақ әйелі мен қыз-келіншектерінің еңбегі зор.
"Адамзаттың ұрпағын өсірген кім, ол - ана. Біздің бәрімізді жақсылыққа жеткізген кім, ол - ана. Жалпы, әлемді ұстап тұрған да - ананың алақаны, ананың мейірімі, ананың ақ сүті. Сондықтан Ана сыйлауды бірінші орынға қойып, Жайықтың, әлде Шағанның жағасында ескерткіш орнатқан жөн деп есептеймін", - дейді ақын.
Осыған орай облыс әкімі Нариман Төреғалиев мұның өте орынды ұсыныс екендігін, ескерткішті іскер әйелдер және кәсіпкерлердің қолдауымен орнатуға болатындығын айтты.
"Облыстағы сән салондары мен тігін цехтарын айтпағанда кейбір ірі кәсіпорындар мен жеке балабақшалардың жұмысын әйелдер жүргізіп отыр", - дейді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.
Ақын бастамасын форумды жүргізген БҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Жансұлу Төремұратова да қолдайтынын білдірді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2020696-bizdin-barimizdi-zaqsylyqqa-zetkizgen-ana-aqustap-baqtygereeva-analarga-eskertkis-ornatudy-usyndy/