Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Автобус дайын": Абай облысында орман өртінен қауіптенген ауыл тұрғындары көшуге қамданып жатыр

Жарияланған күні:

Абай облысындағы орман өрті
Абай облысындағы орман өрті. Видеодан кадр: 24.kz

Абай облысы Березовка ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшуге қамданып жатыр, себебі орман өрті елдімекендерге таяп қалған, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Телеарна мәліметінше, жергілікті билік әзірге қауіп жоқ екенін айтады. Дегенмен көшемін дегендерге арнайы көліктер дайындап қойған. Сонымен қатар Ивановка және Ауыл елді мекендерінің тұрғындары үшін автобустар дайындаған. Аталған ауылдардың халқы әзір қозғала қоймаған.

"Бородулиха ауылында апайым тұрады. Соған кетіп бара жатырмыз. Кеше аз болған. Қазір жақындап қалды. Полиция келіп айтты", - дейді Березовка ауылының тұрғыны Ерлан Биғазиев.

Айта кетейік, құтқарушылар мен орманшылар кешеден бері қызыл жалынмен арпалысып жатыр. 400-ден астам адам, 100-ге тарта техника мен 2 тікұшақ жұмылдырылды. Қатты жел болып, өртті сөндіру қиындап кеткен. Таңертеңнен бері тікұшақтар көктен 157 тонна су шашқан. Алдын-ала болжам бойынша, 1,5 мың гектарға жуық алқап өртеніп кетті.

"Елдімекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен тұрғындарды көшіру үшін автобус дайындап қойдық. Халыққа түсіндіру жұмысын жүргіздік", - дейді Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.

Айта кетейік, 22 мамыр күні сағат 15:25-те Абай облысы Бородулиха ауданындағы Ауыл станциясынан 7 км қашықтықта орналасқан, Ресейдегі Алтай өлкесінің аумағындағы Новенькое ауылының маңында құрғақ шөп жанып, дала өрті тұтанған болатын. Кейін өрт "Семей орманы" табиғи резерватына ойысқан еді.

ТЖМ мәліметінше, "Семей орманы" табиғи резерватындағы өрт аумағы 1100 гектарға дейін жеткенін хабарлаған едік.

Сондай-ақ, Абай облысында ірі орман өртін сөндіру жалғасып жатқанын, маңындағы елдімекендерге қауіп төніп тұрғанын жаздық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2021822-avtobus-daiyn-abai-oblysynda-orman-ortinen-qauiptengen-auyl-turgyndary-kosuge-qamdanyp-zatyr/