Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шетелдіктерді Алматы әуежайынан қонақ үйге дейін апарғаны үшін 800 доллар алған таксист жазаланды

Опубликовано:

көлік жүргізіп келе жатқан жігіт
Көлік жүргізушісі. Көрнекі фото: Рixabay.com

Алматыда шетел азаматтарын қонақ үйге дейін жеткізіп, жол ақысына 800 АҚШ долларын алған такси жүргізушісі қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Telegram-дағы "ҚР ІІМ жаңалықтары" ресми арнасы.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 21 мамыр күні Алматы халықаралық әуежайы маңында жеке такси қызметін ұсынатын ер адам өз көлігіне Үндістаннан келген туристерді отырғызып, қонақ үйге дейін 1000 теңгеге апарып тастауға келіскен.

Алайда межелі жерге жеткенде ол туристерден 1 180 доллар сұраған, бермеген жағдайда сөмкелерін қайтармайтынын айтып, қоқан-лоқы көрсеткен. Сөйтіп шетелдіктер жүргізушіге 800 доллар беруге мәжбүр болған.

Үнді азаматтары аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасына жүгінген.

Шетелдіктердің шағымынан кейін полицейлер күдікті ретінде 27 жастағы жігітті ұстаған. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 194-бабы ("Бопсалау") бойынша қылмыстық іс тіркелген.

"Өз кінәсін толық мойындаған ер адам шетел азаматтарына келтірілген шығынды өтеп берді. Ал шетелдік туристер Қазақстан полициясына алғыс айтты", – делінген полиция хабарламасында.

Сондай-ақ такси жүргізушісінің көлігі жол жүру ережелерін бұзғаны үшін және төленбеген айыппұлына байланысты арнайы тұраққа қойылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2021965-basynda-1000-tengege-kelisken-seteldikterdi-auezaidan-qonaq-uige-deiin-800-dollarga-apargan-almatylyq-taksist-zazalandy/

pixel