Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Абай облысындағы ірі өртке байланысты бір ауданда төтенше жағдай жарияланады

Опубликовано:

Құтқарушы "Семей орманы" табиғи резерватындағы өртті сөндіруде
Құтқарушы "Семей орманы" табиғи резерватындағы өртті сөндіруде. Фото: t.me/qr_tjm

Министрлер кабинетінің отырысында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірдегі орман өртін сөндіру барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, ауданның бірінде төтенше жағдай режимі енгізіледі, деп хабарлайды primeminister.kz.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында Абай облысының Бородулиха ауданындағы ірі табиғи өртті жою мәселесі қаралды.

Өңір әкімі Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, қазіргі таңда жағдай ерекше бақылауға алынып, өртті сөндіру үшін жедел штаб жұмылдырылған. Өрт ошақтарын сөндіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, алайда желдің екпіні мен батпақты жерлер жұмысты қиындатуда.

"Өрт шарпыған аумақтың ауданы 3,5 мың га құрайды. Өртті сөндіруге 201 техника, 8 тікұшақ, 1 өрт сөндіру пойызы және жеке құрамның 852 адамы жұмылдырылды", – дейді облыс әкімі.

Нұрлан Ұранхаев елдімекендерге қауіп төніп тұрмағанын, алайда қауіпсіздік мақсатында қосымша 277 адам өз бетінше туыстарына эвакуацияланғанын атап өтті.

"Тонау фактілерінің алдын алу үшін эвакуациялау орнында полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Сонымен қатар бүгін Бородулиха ауданында төтенше жағдай жарияланады", – дейді өңір басшысы.

Айта кетейік, 22 мамырда Ресейдің Алтай өлкесінің аумағындағы Новенькое ауылының маңында құрғақ шөп жанып, дала өрті тұтанған болатын.

Кейін өрт "Семей орманы" табиғи резерватына ойысқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2022003-abai-oblysyndagy-iri-ortke-bailanysty-bir-audanda-totense-zagdai-zariyalanady/