"Денесі жүксалғышта екі күн жатқан": Ақтөбеде әкімдікте істейтін әйелдің жантүршігерлік өліміне қатысты іс сотқа жетті
Жарияланған күні:
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында облыс әкімдігінде істейтін қызметкер әйелдің жантүршігерлік өліміне қатысты қылмыстық іс қаралуда, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ашық сот отырысында судья Нұрлан Бақтығалиев Қылмыстық кодекстің "Кісі өлтіру" бабы бойынша Д. есімді азаматқа қатысты істі қарады. Қайғылы оқиға биыл ақпан айында тіркелген.
Іс материалдарында баяндалғандай, күдікті 2023 жылы 15 ақпанда чат арқылы 1976 жылғы келіншекпен танысқан. 29 жастағы күдікті өзін 35 жастамын деп көрсетіп, әйелге ажырасқанын айтқан. Осылай кездесуге шақырған. Үш күннен кейін жеңіл көлікті жалға алып, жәбірленушіні жұмыстан алып кетуге барған.
Айыптау актісін оқыған прокурор істің қалай болғанын толығырақ баяндады.
"2023 жылдың 21 ақпан күні сағат 19:00 шамасында ұялы телефон арқылы хабарласып, Ақтөбе қаласындағы аялдамалардың бірінен жәбірленушіні жұмыстан үйіне жеткізіп тастайды. Сол күні сағат 22:00-де қайта хабарласып, кездескісі келетінін айтқан. Жыныстық қатынас болған. 23 ақпан күні сағат 19:00-де күтіп алып, тағы кездескен. Марқұм әйел сотталушының ұялы телефонының бетінде тұрған отбасының фотосын көріп қалған. Екеуі сөзге келіп, соңында әйел екеуінің ара қатынасы туралы күдіктінің әйеліне жеткізетінін айтқан. Сотталушы "әйеліне айтып қоямын" деген сөзінен қорқып, ашуға берілген. Көліктің алдыңғы тартпасында тұрған пышақты алып, бірнеше рет соққы жасаған. Тірі кезінде 35 дене жарақатын келтірген", - дейді прокурор.
Көптеген дене жарақатын алған жәбірленуші оқиға орнында қаза болған.
Прокурордың айыптау актісінен белгілі болғандай, сотталушы жәбірленушінің денесінен құтылу, қылмыстық іс-әрекетін жасыру мақсатында әйелдің денесін көліктің жүк салғышына аяқ-қолын бүгіп салып қойған. Қан болған жерлерді сүртіп алған. Мәйіт жүк салғышта екі күн тұрған. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленуші мойны, кеуде жарақаты, бауыр, бүйрек, қолтық асты тамыры, қолы, аяғы кесіп-тесілген жарақатынан көз жұмған.
29 жастағы күдікті екі рет үйленген, кәмелеттік жасқа толмаған үш баласы бар екені белгілі болды. Бұрын сотталмаған. Сотталушы адам өлтіргенін мойындап отыр. Сотта өкінетінін, ашу үстінде қылмыс жасағанын айтты.
""Аурусың" деп айқайлай берді. "Үш бала сенен емес шығар" деді. Одан сайын ашуландым. Неше рет, қай жеріне соққы жасағанымды білмеймін. Машинаның жүк салғышына салдым. Қорқып, өз-өзіме келе алмадым. Полицияға баруға да қорықтым. Үстімнен қанның иісі шығып тұрды. Киімдерімді машинаға жууға салып қойдым. Адам өлтіргенімді мойындаймын. Аса қатыгездікпен дегенді мойындамаймын", - дейді сотталушы.
Сотқа жәбірленуші ретінде қайтыс болған әйелдің інісі де келді. Ол он жылдан бері әпкесінің екі қызын өсіріп отырғанын айтты.
"Апам Ақтөбе облысының әкімдігінде жұмыс істеді. Отбасы құрғысы келген шығар. Біреумен кездескенін көрмедім, естімедім. Өте қатыгездік жасаған. Сот әділ шешімін береді деп ойлаймын. Ата заңда ең құндысы адам өмірі деген. Ешкім адамды өлтірмеуі керек. Сен оны пышақпен ұрғанда апам "Өлтірмеші, екі балам бар" деп жылаған жоқ па?", - дейді жәбірленушінің өкілі.
Жәбірленуші моральдық шығын ретінде 10 млн теңге сұрады.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2022043-zuksalgysta-eki-kun-zatqan-aqtobede-akimdikte-isteitin-aieldin-zantursigerlik-olimine-qatysty-is-sotqa-zetti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.