Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мыңдаған халық шулап жатыр": Мақсат Толықбай Алматы облысындағы бірнеше ауданда газ бағасы көтерілгенін айтты

Опубликовано:

Депутат Мақсат Толықбай
Депутат Мақсат Толықбай. Фото: Youtube / Қазақстанның Парламент мәжілісі

Бүгінгі мәжіліс отырысында депутат Мақсат Толықбай газ бағасына қатысты мәселені көтерді. Айтуынша, Алматы облысындағы бірнеше елдімекенде газ шекті бағадан көтерілген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мақсат Толықбай премьер министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында Алматы облысы, Қарасай ауданының тұрғындарынан табиғи газ бағасының қымбаттауына байланысты шағымдар келіп түскенін мәлімдеді.

"Бізге мәжіліс депутаттарына шұғыл байланысқа шыққаннан кейін осыдан төрт күн бұрын Қарасай ауданында 500-ге жуық тұрғынмен кездесіп, арыз-шағымдарын тыңдап қайттым. Жағдай өте күрделі. Мәселе ушығып кеткені соншалық, бұл мәселе шешілмесе, екі аптадан кейін мыңдаған адам жолды жауып, жаппай ереуілге шығатындарын ескертіп отыр", - дейді депутат.

Мақсат Толықбайдың сөзінше, Қарасай ауданындағы Шамалған, Жандосов, Шалқар, Қайрат, Еңбекші, Құмарал, Үштерек сияқты ондаған елдімекенді, сондай-ақ Аяжан, Аянат, Арай және Дархан саяжайларын газбен қамтып отырған компания басшылары бағаны қолдан көтеріп, 34,75 теңгеге өсірген.

Алайда басқа компаниядан газ алатын Қаскелең қаласы мен Жамбыл ауданының тұрғындары газдың бір текше метріне 26, 27 теңгеден төлеп отырғанын айтқан.

Мақсат Толықбайдың айтуынша, Қарасай ауданындағы бірнеше елдімекендегі газға жауапты компанияның қызметіне 2023 жылдың қаңтар-ақпан айында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Нәтижесінде бірнеше заң бұзушылық фактісі анықталып, компанияға 2 млн сомасында әкімшілік айыппұл салынған.

Сондай-ақ газдың бағасын негізсіз көтерген компания шекті баға деңгейін әр текше метріне 28,94 теңгеге төмендетуге міндеттелген. Сонымен қатар 2023 жылдың 10 наурызындағы бұйрыққа сәйкес, артық төлемді тұтынушыларға қайтару туралы шешім де шығарылған.

Депутат алайда компания бұл шешімді әлі күнге дейін орындамағанын айтады.

"Бұл компанияның артында соншама кім тұр? Не жергілікті прокуратура не жергілікті әкімдік не антимонополия бұйрықты орындатуға шамасы келмейді. Тіпті мыңдаған халық шулап жатыр. Солардың алдына шығып, жауап беретін бір де бір жауапты адам таппай келдік. Ақыры өзіміз барып, міне, мәжілісте көтеруге тура келіп отыр", - дейді ол.

Мақсат Толықбайдың сөзінше, бұдан бөлек тұрғындар компания қорымен келетін көгілдір отынды үйге кіргізгені үшін тым көп ақша төлейтіндерін де айтып, наразылығын білдірген.

"Бір үйді газ құбырына қосу 450 мың теңгеден жоғары. Осы ретте мәселені әлеуметтік шиеленіске жеткізбей, тез арада қажетті шешім қабылдауларыңызды сұраймын", - дейді Мақсат Толықбай депутаттық сауалында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2022766-myndagan-xalyq-sulap-zatyr-maqsat-tolyqbai-almaty-oblysyndagy-birnese-audanda-gaz-bagasy-koterilgenin-aitty/