Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір жыртығын жамар еді": депутат ауыл шаруашылығы саласында оқитын студенттердің шәкіртақысын көтеруді ұсынды

Опубликовано:

Қарақат Әбден
Қарақат Әбден. Видеодан кадр: Youtube/парламент мәжіліс

"Ауыл партиясы" фракциясының депутаты Қарақат Әбден мәжіліс отырысында ауыл шаруашылығы мамандығының мәртебесін арттыру мақсатында осы мамандықта оқитын студенттер мен магистранттардың стипендиясын көтеру туралы ұсыныс жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қарақат Әбденнің айтуынша, шәкіртақы мәселесіне қатысты жуырда "Ауыл партиясы" фракциясына Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бір топ студенті хат жолдаған.

"Хатқа 200-ге жуық студент қол қойған. Аталған оқу орнында 6 мыңнан астам студент білім алады. Олардың басым бөлігі ауыл жастары. Хатта шәкіртақының төмен болуына байланысты көп студент оқудан кетіп жатқаны туралы жазылған", - дейді Қарақат Әбден.

Депутаттың сөзінше, бүгінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес педагогикалық және медицина мамандығында оқитын студенттердің стипендиясы 58 800 теңгені құрайды. Ал басқа мамандықтарда, оның ішінде ауыл шаруашылығы мамандығында студенттердің шәкіртақысы 36 660 теңгені құрайды немесе 38 пайызға төмен.

"Бір қарағанда, айтарлықтай көп емес. Бірақ ауылдан шыққан студент үшін бұның өзі жақсы көмек. Бір жыртығын жамауға жақсы жәрдем болар еді. Себебі бұл мамандықтарда негізінен ауылдан шыққан балалар оқиды. Олардың ата-анасының да жалақысы жоғары емес екені айтпаса да түсінікті", - дейді Қарақат Әбден.

Сондай-ақ мәжіліс депутаты биылғы жылы республика бойынша ауыл шаруашылығы, биоресурстар және ветеринария бағыты бойынша бөлінген 2400 мемлекеттік грантқа сұраныс болмағанын және жыл сайын бұл салада маман тапшылығы артып келе жатқанын атап өтті.

"Бұл өте алаңдататын мәселе. Жалпы айтқанда, елімізде ауыл шаруашылығының түрлі бағыты бойынша 4 мыңға жуық маман жетіспейді. Әсіресе, ветеринар, механизатор, веттехник, кәсіби техниканың тілін білетін маман табу өте қиын", - дейді депутат.

Сонымен қатар Қарақат Әбден 2021 жылы президент тапсырмасымен педагогика және медицина мамандығында оқып жатқан студенттердің стипендиясын арттыру туралы шешім қабылданғанын еске салып, бұл қадам жақсы нәтиже бергенін айтты.

"Құрметті Алтай Сейдірұлы! Осы орайда ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттердің стипендиясын педагогикалық және медициналық бағыт бойынша оқитын студенттердің стипендиясымен теңістіру мәселесін қарастыруыңызды сұраймын!", - деп қорытындылады сөзін мәжіліс депутаты Қарақат Әбден.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2022784-bir-zyrtygyn-zamauga-zardem-bolar-edi-deputat-auyl-saruasylygy-salasynda-oqityn-studentterdin-sakirtaqysyn-koterudi-usyndy/

pixel