Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылорда-Жезқазған күре жолының құрылысы қашан аяқталады

Жарияланған күні:

жол жөндеу жұмысы
Жол жөндеу жұмысы. Көрнекі фото: pixabay.com

Бүгін, 7 маусымда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы сөз болды. Жиында баяндама жасаған өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда-Жезқазған күре жолының құрылысы туралы журналистердің сауалына жауап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Брифинг барысында БАҚ өкілі халық арасында Қызылорда-Жезқазған күре жолы "өлім алқабы" деп аталып кеткенін еске салып, әкімнен осы тас жолды жөндеу жұмысы қашанға дейін жалғасатынын сұрады.

Журналистің сөзінше, былтыр жөндеу жұмыстары қолға алынған бұл тас жолда ұялы байланыс та жоқ. Сондай-ақ, оның айтуынша, өңірде битум жетіспеушілігі байқалған.

Нұрлыбек Нәлібаев бұл мәселенің шынында да өзекті екенімен келіседі. Айтуынша, Қызылорда - Жезқазған бағытында жасалып жатқан жол халықтың көптен күткен арманы.

"Өткен жылы маусымда мемлекет басшысының тікелей қолдауымен жолдың құрылыс жұмыстары басталды. Қазір қызу жүріп жатыр деп айтуға толық негіз бар. Мен өткен жылдың соңында да, биыл жыл басында да болдым. Сол арада тиісті сала басшысы және мердігер мекеме басшыларымен кездестік. Көп мәселені талқыладық. Олардың да өтініш-тілектерін қарадық.

Битум мәселесіне байланысты айтар болсақ, қыс мезгілінде ол арзан болады да, жазда сұраныс көп болғандықтан қымбаттайды. Бұл негізінен үкімет басшысының қатаң бақылауында, министрдің де бақылауындағы мәселе. Осыған байланысты министрлік өкілдері келді, бірге барып көрдім. Битум шығаратын мекеме оның қажетті көлемін қоймаларға қазір артығымен алып қойған. Қызылорда қаласында сақтаулы.

Қазіргі таңда жеткілікті. Алаңдайтын ештеңе жоқ. Қызылорда облысынан Ұлытау облысына дейін ара қашықтық 216 км құрайды. Соның биыл 140 км аяқталады деп күтілуде. Барлық мүмкіндік бар. Жұмыстар жүріп жатыр. Қалғанын біз 2024-2025 жылы толық аяқтайтын боламыз", - деп сендірді облыс әкімі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023748-eli-isinde-olim-alqaby-dep-atalady-qyzylorda-zezqazgan-kure-zolynyn-qurylysy-qasan-ayaqtalady/