Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Заңсыз алса, қайтарады": Қызылорда облысының әкімі туыстарының атындағы жер туралы пікір білдірді

Жарияланған күні:

Нұрлыбек Нәлібаев
Нұрлыбек Нәлібаев. Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Бүгін, 7 маусымда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының әкімі туыстарының атындағы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер туралы журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Брифингте журналист өңір әкімінен туыстарының атында ауылшаруашылығы мақсатында қанша гектар жер бар екенін сұрады.

"Жергілікті халық туыстарыңыздың атында ауылшаруашылық мақсаттағы жерлер көп деседі. Олардың ішінде мемлекетке қайтаруға тиісті жерлері бар ма?", - деп сұрады облыс әкімінен БАҚ өкілі.

Нұрлыбек Нәлібаев бұнымен келіспейтінін, ал нақты жауапты жазбаша беретінін немесе құқық қорғау органдарынан да сұрауға болатынын айтты.

"Олар тексеріп сізге ақпаратын береді. Мен сіздің бұл сұрағыңызбен келіспеймін. Алса, заң жүзінде өзіне тиесілі жері. Кезінде берілген, біз әкім болмай тұрып, осыдан 20 жыл бұрын берілген жерлерін алған шығар. Ал басқа ондай иеленіп жатқан жерлері жоқ. Сізге біз міндетті түрде жауап береміз", - деді облыс әкімі.

Нәлібаевтың сөзінше, былтыр облыста 157 га жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал биыл 200 га астам жерді мемлекетке қайтару жоспарланып отыр.

"Біздің туыс бола ма, басқа бола ма, жерді заңсыз алса қайтарады. Оны менен басқа да органдар қадағалап отыр. Ел айтты екен деп сұраудың қажеті жоқ, нақты дәлелмен сөйлеген дұрыс деп есептеймін", - дейді Нұрлыбек Нәлібаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023780-zansyz-alsa-qaitarady-qyzylorda-oblysynyn-akimi-tuystarynyn-atyndagy-zer-turaly-pikir-bildirdi/