Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тексеру бөлмесіне сүйреп апарып, қорлауды жалғастырған": Алматыда изоляторға жеткізілген адамды ұрып өлтірген экс-полицейлер сотталды

Жарияланған күні:

Шоқпар ұстаған полицей
Шоқпар ұстаған полицей. Көрнекі фото: pexels.com

Алматыда 2022 жылғы қаңтарда тұтқынды ұрып-соққан уақытша ұстау изоляторының қызметкерлеріне сот үкімі шықты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қалалық соттың баспасөз қызметінің Facebook-тегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Іс Алмалы аудандық сотында қаралған.

Қалалық соттың мәліметінше, сотталушыларға яғни Алматы қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторының жеті қызметкеріне басқа тұлғаларға зиян келтіру мақсатында билігін асыра пайдаланып, зорлық-зомбылық жасады (салдары өлім түріндегі ауыр зардапқа әкеп соққан), қызметте әрекетсіздік танытты деген айып тағылған.

Сот 2022 жылғы 9 қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдік бойынша жәбірленуші А есімді азаматтың Алматы қалалық ПД УҰИ-ға жеткізілгенін анықтаған.

Қалалық соттың дерегінше, 2022 жылғы 12 қаңтарда УҰИ камерасындағы жәбірленуші А. камераның есігін жұдырығымен ұрып, аяғымен теуіп, тергеушіні шақыруды талап еткен. УҰИ бекетінде қызметте болған сотталушылар – А. және Т. кезекші Е.-ге бұл жағдайды мәлімдеген, содан кейін Е., А. және Т. резеңке таяқшаларын алып, камераға қарай бет алған.

Жәбірленуші А. алюминий қасықты алып, оларға қарай сермеген, сотталушылар оны соққыға жыққан. Сосын жәбірленушіні тексеру бөлмесіне сүйреп апарып, төртеуі ұрып-соғып, қорлауды жалғастырған. Ал біреуі осы жайтты жай ғана бақылап, әрекетсіздік танытқан.

Соттың мәліметінше, ұрып-соғуды аяқтаған соң сотталушылар жедел жәрдем шақырған. Келіп жеткен жедел жәрдем бригадасы жәбірленуші А.-ның өлімін тіркеген.

Сот үкімімен бұл іс бойынша алты тұлғаға 8 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал қызметте әрекетсіздік танытқан бір тұлғаға 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған.

"Сотталғандардың қарауында жас балалардың болуы осы іс бойынша жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп танылды. Айыпты ауырлататын жағдайлар – қылмыстық құқық бұзушылықты асқан қатыгездікпен төтенше жағдай кезінде және антты бұзған тұлғалардың жасауы.

Сотталғандардың барлығына қосымша жаза – мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқықтарынан айырылды. Сондай-ақ олар арнайы атақтарынан айырылды.

Сотталғандардан жәбірленушілердің пайдасына 20 000 000 теңге сомасында моральдық залал өндірілді", - деп хабардар етті қалалық соттан.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023857-uryp-sogudy-ayaqtagan-son-zedel-zardem-saqyrgan-almatyda-izolyatorga-zetkizilgen-adamdy-uryp-oltirgen-eks-policeiler-sottaldy/