Антикор экс-депутат Нұржан Әлтаевтың нақты қандай күдікке ілінгенін хабарлады
Жарияланған күні:
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кеше ұсталғаны белгілі болған мәжілістің бұрынғы депутаты Нұржан Әлтаевтың ісіне қатысты жаңа мәліметтерді жариялады. Бұл туралы Антикор Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
Агенттік мәліметінше, 7 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын іс-шаралар кешенінің нәтижесінде экс-вице-министр Н.Б. Әлтаевты аса ауыр жемқорлық қылмысын жасады деген күдік бойынша ұстаған.
"Н.Б. Әлтаев Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, кейіннен парламент мәжілісінің депутаты ретінде жүйелі негізде "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А.И. Мырзахметовтен аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікке ілінді.
2018-2020 жылдар кезеңінде жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқара отырып, ол А.И. Мырзахметовтың мүддесі үшін әрекет етіп, оның ұйымына мемлекеттік тапсырыстарды алуына ықпал етіп, жалпы қамқоршылық көрсеткен", - делінген агенттік хабарламасында.
Антикор қазіргі таңда Нұржан Әлтаев Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын, іс бойынша тергеу жалғасып жатқанын атап өтті.
Агенттік Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейтінін де мәлім етті.
Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Конституцияның 77 бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, адам заңды күшіне енген сот үкімімен қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп танылмайынша, ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептелетін еске салды.
Еске сала кетсек, 7 маусымда Нұржан Әлтаевтың ұсталғаны белгілі болған еді. Антикордың баспасөз қызметі бұл ақпаратты растап, оның ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023875-antikor-eks-deputat-nurzan-altaevtyn-naqty-qandai-kudikke-ilingenin-xabarlady/