Алматыда 2 млн теңгеден астам сомаға жол ережесін бұзған жүргізуші ұсталды (видео)
Жарияланған күні:
Алматыда 2 млн теңгеден астам сомаға 92 рет жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізуші ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz сайты мәлімдеді.
Полицияның хабарлауынша, көліктің жол ережесін бұзғаны автоматтандырылған бағдарламалық жүйелердің мәліметі бойынша анықталған.
"Audi автокөлігінің жүргізушісі аз уақыт ішінде 92 рет жол қозғалысы ережесін бұзған.
Аталған бұзушылықтардың барлығы қаланың бейнежүйелері арқылы тіркелген. Жүргізуші көбінесе жылдамдықты бұзған. Оны "Қорғау – қауіпті жүргізуші" автоматтандырылған жүйесі арқылы анықтап, ұстау мүмкін болды.
Айыппұлдың жалпы сомасы 2,2 млн теңгеден астам соманы құрады", – дейді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.
Құқық қорғау органы қызметкерлерінің мәліметінше, Алматы көшелерінде жол қозғалысы ережесін бұзған көлік Ресей Федерациясында тіркелген.
"Бұрын хабарланғандай, Алматы полициясы жалған мемлекеттік тіркеуіш нөмірлік белгілерін пайдаланатын, көліктерге арнайы белгі беру құрылғыларын орнатқан, көлікті мас күйінде басқарған және төленбеген айыппұлдары бар көлік жүргізушілерін анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан бері "Қорғау – қауіпті жүргізуші" кешені қала жолдарында 3 мың 501 құқық бұзушылықты анықтады", – деді Ержан Ұзабаев.
Сонымен қатар жақында Алматы жолдарында жүргізушілердің әрқайсысы 800 мың теңгеден кем емес заңбұзушылық жасаған тағы екі шетелде тіркелген көлік ұсталған.
Құқық қорғау қызметкерлерінің мәліметінше, олардың көліктері де мамандандырылған айыппұл тұрағына орналастырылған.
Алматы полициясы әкімшілік айыппұлдарды дер кезінде төлеу қажеттігін тағы да еске салып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023976-almatyda-2-mln-tengeden-astam-somaga-zol-erezesin-buzgan-zurgizusi-ustaldy-video/