"Ұрлықты қолдан ұйымдастырған": атыраулық әйел құрбысының 45 млн теңгесін иемденбек болды деп күдіктелуде
Жарияланған күні:
Құрбысының 45 млн теңге ақшасын иемденбек болды деген күдікпен атыраулық әйел ұсталды. Бұл туралы Telegram-дағы ІІМ-нің ресми жаңалықтар арнасында хабарланды.
Полицейлердің мәліметінше, 7 маусым күні полицияға айырбастау пунктінен шыққан, 1980 жылғы әйел адамның 45 млн теңгесі қолды болғаны жайлы хабарлама келіп түскен.
Кейін қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері шығымданушының ұрлықты өзі ұйымдастырғанын анықтаған. Бұл іс бойынша тағы екі күдікті оның таныстары болып шыққан. Олар барлығын мойындаған.
"Анықталғандай "ұрланған" ақша 32 жастағы кәсіпкер әйелге тиесілі болып шықты. Ол ірі көлемдегі ақшаны айырбастау үшін құрбысына сеніп тапсырған. Алайда күдікті 45 млн теңгені өзіне қалдыру үшін ұрлықты қолдан ұйымдастыруды шешкен", - делінген полиция хабарламасында.
Сондай-ақ полиция қазіргі таңда аталмыш фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүріп жатқанын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024005-urlyqty-qoldan-uiymdastyrgan-atyraulyq-aiel-qurbysynyn-45-mln-tengesin-iemdenbek-boldy-dep-kudiktelude/