"Бас сүйегі соққыдан шытынаған": Түркістан облысында оқушылар жаппай төбелескен
Жарияланған күні:
Түркістан облысында 60-қа жуық бала бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрып төбелескен. Екі мектептің оқушылары қатысқан төбелесте бір бала ауыр жарақат алған. Бас сүйегі сынған 9-сынып оқушысы қазір ауруханада жатыр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Телеарна мәліметінше, тұрғындар Құсшы ауылында жолдың екі бетінде тұратын жастардың бір-бірімен жиі шекісіп қалатынын айтады. Бұл жолы да әлеуметтік желіде бір-біріне балағат айтқан жастар қолына таяқ, тас ұстап көше бойында төбелескен. Әзірге бір оқушыға қатысты қылмыстық іс қозғалыпты.
Төбелестен жақын маңдағы үйлер де бүлінген. Оқушылар лақтырған тас пен бөтелкелер баспаналардың үстінде жатыр, дейді куәгерлер.
"Қақпаның астына келсем, тасты қардай боратты. Ол жақ мына жаққа, ана жаққа, екеуі екі жақтан ұрып жатыр. Шиферлерге тиіп жатыр. Одан айқайлап, шыңғырдым. Мені ешкім елемеді, балалар да. Алдындағы қыста да болған. Ол кезде бетперде киіп алып төбелес болды. Тап осы жерде болды. Қазір төртінші рет болуы", - дейді куәгер Нұриддин Матқасымов.
Телеарна хабарлауынша, бұл жолғы төбелесте 9-сыныптың оқушысы ауыр соққы алып, бас сүйегі сынған. Оны қансыраған күйі достары үйіне жеткізіпті. Асылжанға дәрігерлер жедел ота жасады.
"Баланың басы, оң жақ төбе бөлігі, сүйегі ауыр соққыдан сүйегі шытынап мидың ішіне кірген, бірнеше бөлшекке бөлініп. Бұл жерде миға зақымданған сүйектер, қанталаған жері бөлшектенген сүйектері алынып, мидың қан тамырлары зақымданған", - дейді Кентау ауруханасының бөлім меңгерушісі Асқар Жұмбеков.
Ауылдағы қос мектептің жоғарғы сынып оқушылары осылайша бір-біріне қас жауға айналған. Оларға мектеп басшылары бірнеше рет жиналыс ашқан. Алайда бұл жолғы төбелес түнде болғандықтан, балалардың тәртіпсіздігіне жауап бермейміз, дейді директор.
"Кикілжіңге не себеп болғаны, телефонда бір-бірімен сөзге кеп қалған-ау деймін. Балағаттаған бір-бірін, телефонда сөзге кеп қалған. Сонымен кездесіп, сөйлесеміз деген, сол жерде түнгі сағат 11-ден кейін бір-бірімен ұрысып қалған. Тәртібі жақсы балалар", - дейді Қазыбеков атындағы мектеп директоры Нұржан Қадыров.
Телеарна дерегінше, оқушыларды қазір тәртіп сақшылары тергеп жатыр. Тіпті Қазыбеков мектебінің 10-сынып оқушысына қатысты "бұзақылық" бабымен қылмыстық іс қозғалған
"Жалпы 20 шақты бала болған. 20 шақты бала жеткізілді. Сұрастыру барысында оқиғаның мән жайы анықталып, ұсталған бала қылмысын мойындап, тергеп-тексеру жүріп жатыр. Бір бала ғана. Басын таспен ұрған. 2007 жылы туған бала", - дейді Кентау ПБ бастығы Ерлан Қыдырбаев.
Дереккөз: КТК арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024026-bas-suiegi-soqqydan-sytynagan-turkistan-oblysynda-oqusylar-zappai-tobelesken/