Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Есінен танып, құсады": Алматыда аптап ыстықтан жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетіндер көбейген

Жарияланған күні:

Жедел жәрдем көліктері
Аурухананың алдында тұрған жедел жәрдем көліктері. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алматыда аптап ыстықтың салдарынан жедел жәрдем көмегіне жүгінгендер саны күніне 200-ге дейін өсті. Тұрғындар басы айналып, қан қысымы көтерілгеніне шағымдануда. Бұл туралы Almaty.tv арнасы хабарлады.

Телеарна мәліметінше, қалыпты күндерде жедел жәрдем пультіне 1800-ге тарта қоңырау түседі екен. Бұл - бір күндік көрсеткіш. Қазір көмек сұрап хабарласатындар орта есеппен, 2000-ға жеткен. Дегенмен "тымырсық ауада тынысы тарылып, есінен танатындар көп" дейді дәрігерлер. Дәрігерлердің айтуынша, күннің ыстығы жүрек-қан тамыр жүйесінде ақауы барлар үшін қауіпті.

"Күннің ыстығы құлақтағы дыбысқа әсер етіп, беттің қызаруы, есінен танып қалу, құсуға дейін алып барады. Осыған байланысты, шақырту өте көп. Алдыңғы күндері 10-12 шақырту болса, қазір 200-ге дейін барады. Бір күнде бір бригаданың өзінде 20 шақырту келіп жатыр", - деді жедел жәрдем станциясының дәрігері Ақжан Бадаев.

Телеарна ақпаратынша, жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетіндердің көбі - орта жастан асқан азаматтар. Күн сәулесі өткенінің алғашқы белгісі ретінде дәрігерлер шаршау мен бастың айналуын атап көрсетеді. Медицина қызметкерлері жүрек айныған жағдайда да қауіптің барын ескерген жөн екенін атап өтті.

"Көшеде, күн астында ұзақ жүруге болмайды. Күн сәулесі тіке түссе, көру қабілетінің бұзылу қаупі бар. Сондықтан көзілдірік, бас киім сынды қарапайым қорғаныс құралдарын тастамаған жөн. Біз аптап ыстықта аппақ киім кию керек екенін жиі айтамыз. Оның үстіне суды көбірек ішкен абзал. Ал жүрек жұмысында ақауы бар адамдардың мүлдем сыртқа шықпағаны дұрыс", - дейді жедел жәрдем стансасы бөлімінің аға дәрігері Айгүл Ерманова.

Дәрігерлердің сөзінше, күн өткеннің белгілері кейде инсульт пен аллергияның белгілеріне ұқсауы мүмкін. Сондықтан әлсіздік болса, үй жағдайында ем қабылдап, өз бетінше диагноз қоюға болмайды.

Синоптиктер "Алматыдағы аптап ыстық 41 градусқа дейін барады" дейді. Алдағы аптада байқалатын мұндай ауа райы елдің басым бөлігінде сақталмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024031-esinen-tanyp-qusady-almatyda-aptap-ystyqtan-zedel-zardemnin-komegine-zuginetinder-kobeigen/