"Балалардың тамағы дұрыс берілсін": Шымкентте балабақша қызметкері жұмыстан үш рет заңсыз шығарылғанын айтты
Жарияланған күні:
Шымкент тұрғыны Жадыра Асанова балабақшадағы жұмысынан үш рет заңсыз шығарылғанын айтып, БАҚ өкілдеріне жанайқайын жеткізді. Айтуынша, ол өзі еңбек еткен балабақшада бүлдіршіндерге берілетін тамақтың сапасы мен жылыту жүйесіне қатысты әділдік іздеп, талай табалдырық тоздырған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Шымкент қаласындағы бөбекжай-балабақшада шаруа ісі бойынша меңгерушісі (завхоз - ред.) Жадыра Асанова өткен аптада Ішкі істер министрінің Шымкент халқымен кездесуіне келгенде осындай шағым айтты.
"Үш рет жұмыстан шығарылдым. Бар кінәм - жемқорлыққа шыдамағаным. "Балалардың тамағы дұрыс берілсінші, балабақшаға жылу жөнді берілсінші" деп, басшының айтқанымен жүруге келіспегенім. Берілетін тамақтың құнарлылығы төмен, мемлекет ақшасына алынған 25-30 тонна дизель отыны өз пайдалары үшін жұмсалған. Бұның барлығы құрғақ сөз емес. Ішкі мемлекеттік аудитпен тексеріліп анықталды. Қорытындысы бар. Алайда қалалық білім басқармасы қолдарында сол қорытындыны ұстап отырып ешқандай шара қолданбады. Менің қалауым тек әділдік! Жемқорлыққа жол бергендердің барлығы да заң аясында жазалануы керек", - дейді Жадыра Асанова.
Жадыра Асанованың бұл шағымы бойынша Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева жауап берді. Онда басқарма басшысы шағымда көрсетілген балабақша меңгерушісі жол берген кемшіліктер үшін қызметінен босатылғанын мәлімдеген.
"Жадыра Асанова балабақшаның шаруа ісі жөніндегі меңгеруші қызметін атқарған. Аталған балабақшаның сол кездегі меңгерушісі И. Примқұлованың 2018-2019 жылдары қаржылай кемшіліктерге жол бергені туралы арызданған, нәтижесінде мемлекеттік ішкі аудит тарапынан биыл 15 мамырда уәждері расталғаны туралы ұсыныс хаты білім басқармасына жолданған.
Аталған ұсыныс негізінде білім басқармасының 08.06.2023 жылғы №84 ж/қ бұйрығымен И.Примкулова меңгерушілік қызметінен босатылған", - дейді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.
Автор: Жанар Пердешқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024510-balalardyn-tamagy-durys-berilsin-symkentte-balabaqsa-qyzmetkeri-zumystan-us-ret-zansyz-sygarylganyn-aitty/