Алматылық әртістер Атырау әуежайында шу шығарды (видео)
Жарияланған күні:
Атырау халықаралық әуежайында Алматыға қайтып бара жатқан театр әртістері шу шығарды. Олардың сөзінше, әуе компаниясының қызметкерлері алматылық әртістердің ұлттық аспаптарын бортқа алып кіруге рұқсат бермеген, ал гаваи аспабы - төрт ішекті укулелені ұшаққа оңай өткізген", деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желіде Атырау – Алматы рейсінің жолаушыларының қазақтың ұлттық аспаптарын бортқа өткізуін талап еткен сәтінен бейнежазба тарады. Жолаушылардың бірінің айтуынша, SCAT әуекомпаниясының өкілі ұшаққа жүктерді тіркеу кезінде укулелені (төрт ішекті гаваи аспабы - ред.) өткізіп, домбыра, қобыз, шертерді бортқа алып кіргуге рұқсат бермеген.
"Атырауда өткен фестивальге келген дәстүрлі "Алатау" театрының әртістеріміз. Алматыдан Атырауға келе жатқанда аспаптарды өткізуге байланысты ешқандай дау туындамап еді, аспаптарды бортқа еш кедергісіз алып кірдік. Ал қайтар уақытта осындай мәселеге тап болдық. Бір әуекомпанияның ережесі әртүрлі болғаны ма сонда? Укулелені өткізіп, қазақтың аспаптарын өткізбегені біздің намысымызға тиді. Қарап тұрсаң укулеле мен шертердің пішінінде айырмашылық жоқ. Біз не осыны түсіндіріп, SCAT әуекомпаниясының қызметкерінен "Неліктен өткізбейсіз?" деп сұраған кезде "Ережені оқыңыз" деп салқын жауап бергені де біздің көңілімізге тиді", - дейді Атырауға гастрольдік сапармен келген театр әртісі Лаура Мырзахметова.
Алматылық өнер иелері аспаптарын ақырында Атырауда тастап кетуге мәжбүр болған. Өйткені осыған дейін аспаптарын бірнеше рет жүк ретінде тапсырып, ол сынып қалып, ауызы күйгенін айтады.
"Аспаптарды бортқа алып жүру үшін оған бөлек орын алуымыз керек екен. Ол сонда ақша жасаудың амалы ма? Сондықтан басшылықпен сөйлесіп, олар аспаптарды жеткізудің басқа жолын қарайтынын айтты. Менің әріптестерім мұндай жағдаймен жиі кездеседі. Алматы, Астана қалаларында, тіпті шетелде де еш кедергісіз өтсе, Қазақстанның басқа аймақтарында осындай жағдайларға тап болып жатады. Бұл мәселені ел болып көтеру керек деп ойлаймын", - дейді Лаура Мырзахметова.
Бұл жағдай бойынша портал тілшісіне Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайының басшылығы пікір білдірді.
"Әр әуекомпанияның өзінің бекіткен ережелері бар. Сондықтан біз оларға ешқандай талап қоя алмаймыз", - дейді Атырау халықаралық әуежайының бас директорының орынбасары Жанна Үмбетиярова.
Бұл оқиғаға байланысты SCAT әуекомпаниясының баспасөз қызметі де түсініктеме берді. Компания өкілінің сөзінше, аспаптардың қол жүгі ретінде өту-өтпеуі оның өлшеміне байланысты.
"Аталған жағдай бойынша аспаптарды қол жүгі ретінде тасымалдау мүмкін емес еді, себебі рұқсат етілген 55x40x20 өлшемінен асып кеткен. Арнайы тасымалдау шарттарын талап ететін жүктерді жолаушылардың орнымен тасымалдауға болады. Бірақ мұндай багаждың салмағы 80 кг-нан аспауы керек, ал өлшемдері 30x40x90 параметрлерден аспауы тиіс. Көрсетілген өлшемнен асып кеткен жүкті тасымалдау үшін жолаушы қосымша орындықтың билетін төлеуі тиіс. Оның құны әуежайдағы қызмет көрсету ақысын қоспағанда, тарифтің 100 пайызын құрайды" - деп жауап берді SCAT әуекомпаниясының баспасөз хатшысы Виктория Старожилова.
Айта кетейік, Атырауда Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, көрнекті режиссер Чапай Зұлқаш атындағы бірінші республикалық режиссерлер мен сценографтардың фестиваль-форумы өтіп, оған жан-жақтан өнер иелері жиналды. Шарада Алматының "Алатау" театрының әртістері "Айман-Шолпан" қойылымын ұсынып бас жүлдені жеңіп алды.
Еске сала кетсек, осыған дейін мәжіліс депутаты Ринат Зайытов үкімет сағатында әуе компанияларынан ұшақ бортына қазақтың ұлттық аспаптарын алып кіруге рұқсат беруді талап еткен болатын. Бұл ретте депутат бұл рұқсатты алмаса, Алматы мен Астананың әуежайына кемінде 1 мың домбырашы шақырып, "Адай" күйін ойнатуды ұсынған.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024576-almatylyq-artister-atyrau-auezaiynda-su-sygardy-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.